Шымкент тұрғыны тергеу изоляторының қызметкеріне пара бермек болды

07 маусым 2022, 08:53

Шымкент тұрғыны тұтқындағы інісіне артықшылық алу үшін тергеу изоляторының қызметкеріне 1 млн теңге пара бермек болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

Оқиға бүгін Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің аралас қауіпсіздік мекемесінде болды.

 

49 жастағы ер адам тергеу изоляторының қызметкеріне пара беруге тырысқан. Күдіктінің мақсаты - туысына белгілі бір артықшылықтар жасау болыпты.

 

«Жеке қауіпсіздік басқармасына жүгінген тергеу изоляторының қызметкері жеке тұлғаның 1 млн теңге көлемінде пара ұсынғанын айтқан. Қызметші бұл туралы дереу басшылыққа және өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабар берген. Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері мен аумақтық ҚАЖД жедел қызметкерлері бірлесіп бірқатар тиісті шаралар қабылдады», – деп мәлім етті өңірлік департаменттің бастығы, әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков.