Шымкентте жұртты жұмысқа орналастырмақ болған компания мыңдаған азаматты сан соқтырды

27 желтоқсан 2022, 09:53

Түркияның атом станциясынан тұрақты жұмыс, жоғары жалақы ұсынған мекеме өкілдері әрбір азаматтан алдын ала 71 мың теңгеден жинап, із-түзсіз жоғалып кеткен, деп хабарлайды "Хабар 24".


Шарасыз халық өздерін алдап соққан кеңсе аумағына жиналып, ақшаны қайтаруды талап етті. Азаматтар бір аптадан бері мекеме есігін қағып, өздерін жұмыспен жарылқаймыз деген басшыларын іздеп жүр.


Келісім бойынша өткен жұмада Түркияға ұшы керек болған. Жалдамалы жұмыс үшін айына 700 мың теңгеден басталатын жоғары жалақы да уәде еткен. Бірақ алданғандардың қатары күн санап көбейіп жатыр.


Алданған азаматтар әу баста бұл компанияның жарнамасын әлеуметтік желіден кезіктіріпті. Кейін екі жақты келісім шарт жасасып, 71 мың теңгені қолдарына ұстатқан. Қалған дәл осындай соманы алғашқы айлық табысынан төлеуі керек болған. Алайда ізім-қайым жоғалған мекеме басшыларын Түркістан облысы мен Қызылорда, Ақтау мен Ақтөбе, Тараз қалаларынан да іздеушілер жиналып жатыр.


 
"Қазақстанда айлық аз, күнкөріс төмен болғаннан кейін Түркияға баруға тура келген. Қазақстан бойынша 2 мыңнан астам адам бар бұл жерде. Жоғалтқан уақытымыз бар, жоғалтқан ақшамыз бар сол өтелсе, бұлар жазасын алса", - дейді Қызылорда облысының тұрғыны Бекболат Сауапов.


 
Жұмыссыз қалғандар полицияға арызданып, өздерін алдаған азаматтардың үстінен шағым түсірді. Өйткені жұмыспен жарылқаймыз дегендер сол күйі байланысқа шықпаған. Қалалық полиция департаменті "Алаяқтық" бабы бойынша іс қозғалып, тоғыз адам күдікке ілінгенін хабарлады.


"Қазіргі таңда аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни, сотқа дейінгі тергеп - тексеру амалдары басталды. ҚР ҚК 190 бабы "алаяқтық" іс фактісімен дерегімен іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп басталды", - дейді Әл-фараби аудандық ПБ бастығының орынбасары Жәнібек Тұрлыбаев.


Полицияға түсірілген ұжымдық арызға алпыстан астам азамат қол қойды. Олар қылмыстық іс созбалаңға салынбай жыл соңына дейін кінәлілерді тауып берсін деп талап қойып отыр. Енді талайды табанынан тоздырып, қалтасын қаққан компаниямен құзырлы органдар айналысады.