Шымкентте күдіктінің 4-қабаттан не үшін секіргені белгілі болды

23 желтоқсан 2021, 19:37

Шымкентте полиция ғимаратына жеткізілген 34 жастағы күдіктінің 4-қабаттан не үшін секіргені белгілі болды. Адвокатының айтуынша, күдікті өз-өзіне қол салмақ болған.

 

Көпті елең еткізген оқиғаның қалай болғаны туралы күдіктінің қорғаушысы Ержан Емешев Экспресс К тілшісіне айтып берді.

 

34 жастағы ер адамды полицейлер 18 желтоқсанда Момышұлы көшесі бойынан ұстап әкеткен. Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Күдіктінің адвокаты Ержан Емешевтің айтуынша, ер адамды полицейлер 4 сағаттай тергеуде ұстапты.

 

"Менің клиентіме бұған дейін "алаяқтық" бабы бойынша айып тағылған. Оның ісін қыркүйекте қолға алдым. Ал 18 желтоқсанда оны ұстап әкеткен. "Зорлау" бабы бойынша жауап алған. Ол полицейлерге қорғаушысы барын ескерткен. Алайда полицейлер маған ешқандай хабар бермеді. Ал заң аясында тергеуде күдіктінің қасында адвокаты қатысуы керек. Олар заңсыз жауап алған болып тұр", — деді адвокат.

 

Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында қамауда. Адвокат Ержан Емешев онымен кездескен.

 

"Ол маған тергеу кезінде физикалық, психологиялық тұрғыда қысым көргенін айтты. "Зорлау ісін мойныңа аласың, мойында" деп қысым көрсеткен. Тергеу кезінде қандай жағдайлар болатынын өзіңіз де естіп жүрген боларсыздар?.. Ол "жасамаған қылмысты мойныма іліп жібіретін болды" деген. Содан "зорландым" деген жәбірленушімен ауызша беттестіруден кейін 4-қабаттан секіріп отыр. "Шыдай алмай секірдім" деді маған", — деп сөзін қосты адвокат.

 

Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер бұл оқиға бойынша күдікті жәбірленушімен беттестіруден кейін қылмыстық жауапкершіліктен жалтарудың мүмкін еместігін түсініп, қашуға әрекет жасаған деп мәлімдеді. Және ер адам секіргеннен кейін 3-қабаттың қоршауынан ұстап, ағаш тақтайшаға құлағанын айтты.

 

Сурет күдіктінің туыстарынан алынды

 

Ал адвокат департаменттің бұл ақпаратымен келіспейді.

 

"4-қабаттың баспалдағынан секіріп, арадағы темір сүйеніштерге аяқ-қолдары тиіп, төменге түскен. Ешқандай да үшінші қабат емес. Кей ғимараттарда бірінші қабаттан жертөлеге қарай кететін қуыс болады ғой. Ол сол жерге түскен. Ауруханаға жеткізілген. Онда 40 минуттай тексеруден өткен соң полицейлер алып кеткен. Тағы қайталап айтамын, оны өмірімен қош айтысуға итерген болып отыр", — дейді адвокат.

 

Күдіктінің әпкесі Әлия Нұрмырзаева інісін ұстап әкеткеннен соң полиция ғимаратына барғанын айтады. Алайда ешкімнен ешқандай хабар ала алмапты.

 

"Сыртта қанша сағат күтіп тұрдым. Ондағылар "Бір жағдай болып, басшылық құрам іште жүр. Сырттан ешкімнің кіріне рұқсат жоқ" деп айтты. Сосын мен тағы да адам өлімі болды ма?" деп сұрадым. Ең ашуға тиетіні, күдікті етіп ұстап әкетіпті. Туыстарына, адвокатына хабар бермей ме? Оның 4-қабаттан секіріп кеткенін неге біз әлеуметтік желілерден естуіміз керек? Екі күн қатарынан полиция ғимаратының табанын тоздырдық қой. Неге бір ауыз айтпайды бізге? Әлде оқиғаны ешкім білмей қалады, жылы жауып қоя саламыз деп ойлады ма?",-деді күдіктінің әпкесі.

 

Қорғаушы күдіктіні полицейлер алғашында тергеу изоляторына жеткізгенін айтты. Алайда ондағылар денсаулығы жарамды деген анықтама болмағандықтан қабылдаудан бас тартыпты. Кейін Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалыпты.

 

Адвокат тергеу кезіндегі қысымдар мен өз-өзіне қол салуға дейін жеткізді деп полицейлер үстінен прокуратураға шағым түсіретінін айтты. Сонымен қатар тергеу кезінде қорғаушысыз жауап алынғанын, адвокат ретінде өзіне ешкім ескертпегенін да шағымға қосамын деп отыр.

 

Айтпақшы, қалалық Полиция департаменті 34 жастағы ер адамның "алаяқтық" бабымен іздеуде болғанын айтқан болатын. Ал оның адвокаты да, туыстары да іздеуде болғанын білмедік деп отыр.

 

Қорғаушы қазіргі таңда ер адамға "алаяқтық" бабы бойынша айып тағылғанын айтты. Ал "зорлау" бойынша адвокатқа ешқандай мәлімет берілмепті.

 

Экспресс К тілшісі адвокат Ержан Емешевтің айтқан мәліметтеріне қатысты қалалық Полиция департаментімендегілерден пікір алуға тырысты. Тиісті сұрақтарды да жіберді. Алайда әзірге жауап жоқ.

 

Экспресс К бұған дейін дейін полиция ғимаратында ер адамның 4-қабаттан секіріп кеткені туралы жазды. Кейінірек Шымкент қалалық Полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді.

 

Еске салсақ, 8 желтоқсанда Шымкенттегі Полиция департаменті ғимаратында 31 жастағы Нұрболат Жұмабаев көз жұмды.

 

Қаланың бас полицейі марқұм тергеу кезінде өзін жайсыз сезініп, кенеттен қайтыс болды деп мәлімдеді.

 

Медициналық сараптама қорытындысы бойынша Нұрболат Жұмабаевтың неден өлгені белгілі болды.

 

Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, өлімге әкеп соғу) қылмыстық іс қозғалды. Алты полицей ішкі істер органдарынан шығарылды.

 

Тергеу сотының санкциясымен үш лауазымды полицей (екі подполковник, бір полковник) екі айға қамауға алынды.

 

11 желтоқсан күні Шымкенттің бас полицейі қайтыс болған жігітке полицейлер тарапынан күш қолданылғанын мойындады.