Сотталғандарға берілетін сәлемдеменің салмағы 20 келіге дейін артуы мүмкін

12 наурыз 2021, 13:21

Сенатта сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі баяндалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

 Былтыр қаңтар айында қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамаға бірқатар түзетулерді көздейтін өзгерістер енгізілді. Осыған орай заңнамада мынадай жаңа талаптар бекітілді:

тұрғылықты жеріне ауыстыру үшін оң мінез-құлық дәрежесінің болуы туралы талапты алып тастау;
сотталғандарға сәлемдеме салмағын 14-тен 20 кг-ға дейін арттыру;
дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды шектемей беру;
телефон арқылы сөйлесуді ұзарту (сағат 19.00-ден 21.00-ге дейін);
ауруына қатысты босату туралы ұсынымдарды қарау мерзімін азайту (1 айдан 10 күнге дейін).
Сонымен қатар, биыл қаңтардан бастап сотталғандарды тамақтандыру нормалары ұлғайтылды (686-дан 1018 теңгеге дейін).

«Ішкі істер министрлігі 4 кодекске 105 түзету енгізуді көздейтін заңнамалық бастамаларды әзірледі. Аталған құжат ауыр науқастану кезінде жазаны өтеуді кейінге қалдыру; ауыр науқастану салдарынан босату туралы сот қаулыларын дереу орындау; 3 жасқа толғаннан кейін баланың анасымен бірге болу мерзімін ұзарту; сондай-ақ басқа да бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізуді көздейді», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Министрдің айтуынша, сотталғандардың колониядағы әлеуметтік жағдайы да ретімен шешімін тауып келеді.

«Сотталғандардың азық-түлік, киім-кешек, кітаптарды электрондық дүкендер арқылы сатып алу мүмкіндігі пайда болды. Бұдан бөлек, колониядағылардың туыстарымен видео арқылы байланысу тәсілі жүзеге асырылды. Бұл карантиндің шектеулер аясында өте тиімді әдіс болды», - деді Ішкі істер министрі.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан