Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 3 қызметкері ұсталды

10 наурыз 2022, 19:41

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің 2 қызметкері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің 1 қызметкеріне қатысты пара алу күдігімен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Informburo.kz сауалына Ұлттық қауіпсіздік комитеті берген жауабында хабарланды, - деп жазады Alashainasy.kz тілшісі aikyn.kz-ке сілтеме жасап.

«ҰҚК Қылмыстық кодекстің 366 бабы 3 бөлігі 1-2-тармақтары   – «Пара алу» бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің 2 қызметкеріне және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің 1 қызметкеріне қатысты қылмыстық істі тергейді. Олар Ақтөбе өңіріндегі шаруа қожалықарының иелерінен пара алған. Сондай-ақ бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін пара алған Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімдігінің қызметкері де тергеледі», – делінген хабарламада.

 

Ұсталған тұлғалардың ауыл шаруашылығы саласындағы қылмысты тергейтін жедел тергеу тобының құрамына кіргені анықталды.