Таразда 3 жігіт бірнеше ай бойы дүкен сатушыларын алдап келген

07 маусым 2022, 08:49

Тараз қаласында 3 жігіт бірнеше ай бойы дүкен сатушыларын алдап, сауда жасап келген. Бұл туралы полиция бөліміне 66 жастағы әйел шағымданды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

Жәбірленушінің айтуынша, алаяқтардың әрекеттері 5 айға жуық уақытқа созылған.

 

Дүкен иесі тауарларын түгендеу шараларынан кейін алданғанын біледі. Жетіспеушілікті байқаған кәсіпкер барлық сатып алушылардың түбіртектерін тексере бастады.

 

«Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тараз қаласының полиция басқармасы 1-полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 18 және 17 жастағы үш жігітті ұстады. Олар кінәларын толық мойындады», - деді ведомстводағылар.

 

Белгілі болғандай, күдіктілер жалған түбіртектер жасау үшін мобильдік қосымшаны қолданған.

 

Материалдық шығын көлемі 1 500 000 теңгені құрайды.

 

 Осыған ұқсас жағдайды Шу ауданының тәртіп сақшылары да тіркеген. Онда 26 жастағы ер адам миллион теңгеден астам шығын келтіріп, жалған түбіртектермен сауда жасаған.

 

Осы орайда, Жамбыл облысының полиция департаменті кәсіпкерлерге қырағы болуды және тауарлар үшін қолма-қол ақшасыз төлемді тек банк терминалдары арқылы қабылдауды ескертеді.