Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған күдікті төлем картаның істен шыққанын, енді басқасын алу қажеттігін айтқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
 
Жеке басына қатысты мәліметті сұрап алған соң шоттағы бар ақшаны жымқырып отырған. Соңғы кездері аймақта интернет-алаяқтық деректерінің үш есеге артқаны байқалады. Қулықпен өзгенің қаржысына қол сұғатындар қандай бағдарламаларды қолданады?
 
Өзін Екатерина деп таныстырған қала тұрғыны алаяқтың арбауына түскендердің бірі. Оған «банктен хабарласып тұрмын» деген адам әлдебіреудің төлем картаны бұзуға әрекеттенгенін хабарлаған. Арнайы нөмірді айтып, шоттағы ақшаны басқа картаға аударуын сұрапты. Осылайша, 300 мыңдай теңгені қалтаға басып кете барған.
 
Екатерина, қала тұрғыны:
 
- Ақшамды аудардым, маған жарты сағаттан кейін картама кері қайтаратынын айтты. Күте-күте күдер үзген соң полицияға хабарластым. Алаяқтар бұдан соң маған тағы 4 рет қоңырау шалды. Тіпті болмаған соң телефонды өшіріп тастадым.
 
Банктің қауіпсіздік бөліміндегілер болса, қазан айы басталғалы бері Екатерина секілді тағы 20-дан астам азаматтың көмек сұрап келгенін айтады.
 
Өзгенің ақшасын алдап алуға дәніккен күдіктіге өздері де хабарласып көрген екен. Алаяқтың арбауына түскендер әртүрлі сомадағы ақшасын аударып жіберген. Олардың арасында 4миллиондай теңгеден айырылған азамат бар.
 
«Сондықтан ешқашан бейтаныс адамға картаға қатысты мәліметті, әсіресе, артқы бетіндегі үш санды айтуға болмайды», - дейді мамандар.
 
Банктің қауіпсіздік бөлімінің қызметкері:
 
- Алаяқ көп жағдайда Gargona интернет-телефония бағдарламасын қолданады. Даусын өзгертіп, қоңырау шалады. Күдікті көрсеткен есепшот Ресей, Украина елдерінде тіркелген. Өкінішке қарай бүгінге дейін бірде-бір алаяқ ұсталған жоқ. Олардың қай жерде тұратындарын анықтау, қолға түсіру біздің құзырымызға жатпайды.
 
Тәртіп сақшылары болса бұл істе азаматтардың аңқаулығын алға тартады. Айтуларынша, былтырға қарағанда биыл интернет-алаяқтық деректері 3 есеге артқан.
 
Талғат Көшкімбеков, Жамбыл облыстық пд бөлім басшысы:
 
- Аймақтың полиция департаментінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлімі, яғни «Интернет-алаяқтық жасау» бойынша 150 дерек тіркелді. Көптеген азаматтар үйде отырып, жарты бағаға тауар сатып алып, не болмаса әртүрлі қаржы операцияларды жасау арқылы картадағы қаржысын көбейткісі келеді. Нәтижесінде бар ақшасынан айырылып қалады. Сақтықты естен шығармау ғана алдаудың алдын алады.
 
Бүгінге дейін тіркелген деректердің тек жартысынан астамы ашылған. Қалғандары бойынша алаяқтың тұрғындарға келтірген шығыны 10 млн теңгеден асады.