Таразда жалған түбіртек көрсетіп, 5 ай бойы сатушыларды алдап келгендер қолға түсті

04 маусым 2022, 20:46

Таразда 3 жігіт бірнеше ай бойы тауарлардың ақысын жалған түбіртектермен төлеп, дүкен сатушыларын алдап келген. Бұл туралы Azattyq Rýhy Жамбыл облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

 
Дүкен иесі ревизия жасағаннан кейін кассада 1 500 000 теңге жетпейтінін біліп, полицияға шағым түсірген. Кәсіпкер барлық сатып алушылардың түбіртектерін тексеріп шығып, алданғанын көз жеткізді.

«Тараз қаласының Полиция басқармасы 1-ші полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 18 және 17 жастағы үш жігітті ұстады. Ұсталғандар кінәларын толық мойындады. Күдіктілер жалған түбіртектер жасау үшін қосымшаны қолданғаны анықталды», - деп көрсетті Полиция департаменті.

Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190- бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.