Теміртауда оқушы ұзақ уақытқа түрмеге қамалуы мүмкін

26 сәуір 2022, 19:16

Теміртау қаласында синтетикалық есірткіні тығумен айналысқан мектеп оқушысы ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, 17 жастағы теміртаулық 15 сәуірде құрықталды. Жас жігіт синтетикалық есірткі тығып жүрген. Тінту кезінде тығып үлгермеген "скорocть" деген есірткі затының 40 түйіні табылды.

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

"Есірткі заттарын тасымалдау әрекеті оны өткізу ретінде сараланады және ол үшін 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген", - дейді полицейлер.

Осы орайда тәртіп сақшылары есірткі заттарын сату, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды есірткі сатуға тарту фактілері анықталса, 42-92-92 сенім телефонына хабарлауға кеңес берді. Ақпарат берген адамның аты-жөні құпия сақталады.

"Сондай-ақ жазу, сурет салу немесе басқа да тәсілдермен есірткі заттарын жарнамалап, насихаттауға Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген және осы заңсыз әрекеттерді жасағандарға 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады", - деп атап өтті тәртіп сақшылары.