Түркістан облысында лауазымды шенеунік ұсталды

25 ақпан 2022, 18:40

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұржігіт Нұрқасымовты қамауға алуға санкция берілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Түркістан мамандандырылған тергеу сотының қаулысына сілтеме жасай отырып.

 

Шенеунікке Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшерде бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін иемдену немесе ысырап ету) бойынша айып тағылды.

 

Нұржігіт Нұрқасымов инвестициялық жобаларды қолдау және экспортты жылжыту бөлімін басқарды.

 

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті басқа адамдармен келісіп, белгілі бір уақыт ішінде өзінің лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, жалпы сомасы 185,5 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырған.

 

22 ақпанда мемлекеттік қызметкерді сыбайлас жемқорлықпен күресушілер ұстады. Ал 24 ақпанда күдіктіге қатысты материалдар бұлтартпау шарасын таңдау үшін тергеу сотына жіберілді.

 

Сотта ұсталған азамат өзінің қылмысқа қатысы барын мойындамай, оның инвестициялық жобаларды қолдау жөніндегі барлық қызметі ресми электрондық сервистер арқылы жүзеге асырылып, қатаң бақылау мен есепке алудан өткенін мәлімдеді.

 

Айтуынша, ол мүдделі тараптардың өкілдерімен жеке байланыс немесе келіссөздер жүргізбеген.

 

Сот айыпталушыны екі айға, 24 сәуірге дейін қамауға алуға санкция берді.

 

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.