Түркістанда 4 бала мен анасының өлімі бойынша екі адам сотталды

30 желтоқсан 2021, 00:47

Түркістанда улы газдан иістеніп көз жұмған 5 адамның өлімі бойынша қылмыстық іске нүкте қойылды. Сот үкімімен тұрғын үйге газ құрылғыларын орнатқан және жалған техникалық құжат жасаған екі фирманың басшысы кінәлі деп танылды.

 

Жекеменшік мекеме басшылары енді алдағы 4 жылын абақтыда өткізбек, деп хабарлайды Экспресс К.

 

27 ақпан күні Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде бес адам өлі табылған. Көз жұмғандар 2004, 2006, 2013 және 2016 жылы дүниеге келген балалар мен олардың анасы. Мәйіттерді отбасының көршісі байқаған. Ал отағасы бұл кезде Шымкентте ем қабылдап жатқан.

 

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша марқұмдардың газдан уланып, көз жұмғаны белгілі болды.

 

Оқиға орнына тексеру жұмыстарын жүргізген төтеншеліктер үйде рұқсат етілмеген иран пеші орнатылғанын, техникалық талаптар ескерілмегенін анықтады.

 

Сот отырысында белгілі болғандай, отағасы көршісінің үйіне газ құбырын монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылардан өз үйіне газ құбырын тартып беруін сұраған. Ал олар фирма директорына айтыпты. Алайда мекеме басшысы жәбірленушінің үйіне бұл жұмыстарды жүргізу үшін өкілетті органнан берілетін техникалық шарттың жоқ екенін біле тұра қызмет ақысына келіскен. Содан бұл салада арнайы білімі жоқ қызметкерлеріне монтаждау жұмыстарын жүргізуге нұсқау берген. Өзі үй иесі атынан тиісті мекемелерге құжат тапсырып, үйге ел аумағында сертификатталған пеш орнатылады деп көрсеткен. Шын мәнінде үйге елімізде рұқсат етілмеген иран пешін орнатқан. Құжат жасау үшін танысына өз қолымен сызылған жоба мен техникалық шартты өткізіпті. Ал ол жалған құжаттарды жинақтап, тиісті мекемеден техникалық құжатты алып берген.

 

Осы әрекеттері үшін олар сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігі (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) және 385-бабының 1-бөлігі (жалған құжаттарды дайындау немесе өткізу) бойынша кінәлі деп танылды. Екі азаматқа да 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.