Ұлын балталап өлтірген әкеден қызы миллион теңге өтемақы талап етті

30 қыркүйек 2021, 19:57

Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында, биыл жазда болған жантүршігерлік оқиға қаралып жатыр. Шаңырағы шайқалған отбасының хикаясы шым-шытырыққа толы, деп жазады Express Qazaqstan.

 

Бұл туралы tobolinfo сайтында жарияланды. Қайғылы оқиға биыл 26 маусымда болған. 30 жастағы Василий Скиданенко әкесі Владислав Грековтің жұмыс орнына барады. Ол жекеменшіе кәсіпорында күзетші болып істеген. Әкелі-балалы екеуі керілдесіп қалады. Баласы әкесін боқтап, айғайға басқан. Ашуға булыққан 73 жастағы әкесі ұлын балтамен 11 рет ұрып, кескілеп өлтіреді. Қолы қанға боялып, не істегенін түсінген кезде полицияны өзі шақырған.

 

Марқұмның бауыры Елена Грекова жәбірленуші ретінде сотқа қатысып отыр. Ол отбасында бақытты өмірдің болмағанын айтады. Есірткі таратқан әкесі түрмеге қамалса, анасы өз бетінше кеткен. Қараусыз қалған балалар 2000 жылдан бастап интернатта өскен.

 

Біз интернатта тәрбиелендік, ал 2005 жылы әжеміз оларды ата-ана құқығынан айырды. Бізді мұғалімдер тәрбиеледі. Ата-ана жылуын көрген жоқпыз, махаббатын сезінбедік. Василий екеуміз интернаттан шыққасын адам төзгісіз күн кештік,— дейді жәбірленуші.

 

Елена Грекова ағасы мен әкесінің жайшылықта да жиі жандалдасқанын айтады. Тіпті, олар бір-бірін өлтіруге оқталып та жүрген. Ақыры, бітіспес кек әкесінің ұлын мерт қылуымен тынды.

 

Бауырынан айрылған әйел түрмедегі әкесінен өтемақы ретінде 1 млн теңге талап етіп отыр. Сот әзірге шешім шығарған жоқ, іс қаралып жатыр.