Ұрылар қартайып барады

16 тамыз 2022, 16:21

Елімізде ұрлықпен ұсталғандардың жасы ұлғайып барады. Бұрын үй тонау, ұрлық жасаумен көбінде жастар ұсталатын еді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
 
Бұған дейін елімізде ұрлық жасау, біреудің мүлкін иемдену, үй тонау және басқа да осыған ұқсас қылмыстармен көбінде 15 жастан асқан жасөспірімдер мен жұмыссыз жүрген 30 жасқа дейінгі азаматтар ұсталатын.

Өкінішке қарай соңғы кезде 50 жастан асқан ел азаматтары да ақша ұрлау, үй тонау сияқты ұсақ қылмыстарға баратын болған.

Мәселен, Алматы полиция департаменті бір күнде, яғни 16 тамызда 3 ұрлық фактісі әшкереленгенін хабарлады. Ұрлық бойынша ұсталғандардың ең жасы 27 жаста. Жамбыл облысынан келген жігіт 10 шақты велосипедті жымқырған.

Ұрлық бойынша ұсталған екінші күдікті 43 жаста. Ол бір апта ішінде екі алматылық тұрғынның үйін тонап кеткен. Күдікті бұған дейін алты рет сотталған, оның бесеуі – мүліктік қылмыстар жасағаны үшін. Күдікті соңғы рет 2010 жылы бір жарым жылға сотталған. Ер адам өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне өкінетінін мәлімдеген.

Сондай-ақ Медеу ауданының полиция қызметкерлері сауда орталығында бірнеше ұрлық жасады деген күдікпен 52 жастағы ер адамды ұстады. Ол ірі ойын-сауық орталықтарындағы бутиктерді тонап келген. Сатушылар клиенттерге қызмет көрсетіп жатқанда ол сатушылардың ұялы телефондарын немесе басқа да құнды заттарын ұрлап отырған. Тергеу әрекеттері барысында аталған адамның екі ұрлық эпизодын жасауға қатысы бар екендігі анықталған.

"Күдікті бұрын да осыған ұқсас қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған", – деді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Қазіргі уақытта Ш.есімді азаматтың Алматы қаласында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.