Қазақша тостар. Туған күн

Тойға тілек. Қазақша тостар. Наурыздың 24-і

  • © ru-wallp.com

    © ru-wallp.com

Туған күн иелеріне тілек білдіріп, олардың өмірбаяны және шығармашылығымен танысқыңыз келсе, "Тойға тілек. Қазақша тостар" сілтемесін басыңыз... Тойға тілек. Қазақша тостар айдарында сіздер де ұсыныс-пікірлеріңізді жолдап, тілектеріңізді білдіре аласыздар!  


Кеңесбай Мұсаев (1931) – филология ғылымының докторы, профессор, академик; 


Бекен Әлімжанов (1947) – ауылшаруашылығы ғылымының докторы, профессор, академик;

Әсима Бимендина (1955) – ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты;

Ерік Сұлтанов (1956) – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қамтамасыз ету жөніндегі вице-президенті; 

Қанатбек Сафинов (1962) – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы;

Қайрат Қожамжаров (1965) – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы.

Жанна Құрманғалиева (1969)  – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппараты Ақпарат-талдау бөлімінің меңгерушісі.

 


  Мерейлі күндеріңіз мерекеге ұласып, мәртебелеріңіз арта берсін!


«Алаш айнасы»


Туған күн иелеріне арналған ақ тілектер!


Ең жылы да мейірімді құттықтау сөздер көңіліңізден шығып, өмір сізді бақыт құшағында аяласын!


Баянды бақыт пен таусылмас байлық


Ертеде атақты саудагер мен ғұлама ғалым дос болыпты. Бір күні екеуі кемемен алыс сапарға шығады. Алыс-жақын елдерге саяхат жасаған екеуінің мақсаты екі бөлек еді. Саудагердің мақсаты – сауда жасап, тауарын өткізіп, байлығын одан сайын көбейту болса, ал ғалымның мақсаты алыс-жақын елдердің мәдениетімен, ғылым-білімімен танысу болады.


Бір күні теңізде қатты дауыл болып олар мінген кеме апатқа ұшырайды. Сол апаттан кейін саудагер бар байлығынан айырылып, кедей болып шыға келеді. Ал ғалымның ешнәрсесі де жоғалмайды, бар байлығы – білімі өзінде қалады.


Құрметті досым, бүгінгі туған күнінде саған ғалымның баянды бақыты мен таусылмас байлығын тілеймін!


Махаббат, байлық, табыс


Құрметті туған күн иесі, сізге мен ең алдымен тау суындай таза, шынайы махаббат тілеймін. Бағзыдан келе жатқан мына аңызды тыңдасаңыздар оның себебін түсінерсіздер.


***


Ауылдың шетінде тұрған қарапайым ғана, әдемі үйдің есігі қағылып, үй шаруасында жүрген әйел есік ашты. Есіктің алдында шаштары әппақ қудай болған үш қарт кісі тұр екен. Бұл кісілер үй иесіне таныс емес еді. Сонда да сәлемдескен соң оларды үйге кіріп демалуға, асқа отыруға шақырды. «Отағасы үйде ме?» деп сұрады бірінші тұрған кісі.


«Ол жұмысына кеткен» – деді әйел.


«Е-ее, жөн! Онда отағасының келуін күтейік, үйге кірмейміз!» – деді шалдар. Кешке күйеуі жұмыстан оралған соң, әйелі болған жайды оған баяндады.


«Тезірек ол кісілерді шақырып кел!», – деді таңырқаған күйеуі. Үй маңындағы ағаш көлеңкесінде демалып жатқан қарттарды әйел іздеп тауып, оларды үйге кіруге шақырып еді, олар бастарын шайқады. «Бәріміз бір уақытта үйге кіре алмаймыз» – деді олар. Неге деген сұрақты күтпестен алдында тұрған қарт кісі: «Мына кісінің аты – Байлық, анау кісінің аты – Табыс, ал менің атым Махаббат» – деді.


«Күйеуіммен ақылдасайын» деп әйел үйіне кіріп кетті.


Қатты қуанған күйеуі: «Бұл бір таңғаларлық іс екен, онда біз Байлық қартты үйге кіргізейік, үйіміз байлыққа толсын» – дейді.


Әйелі құп көрмей: «Сүйіктім, біз неге Табыс қарияны кіргізбейміз, әр ісіміз табысты болса, бай болмаймыз ба» – деді.


Ас үй жақта жүрген келіні бұлардың сөзін естіп: «Біз Махаббат атайды шақырсақ, тіптен жақсы болмай ма, үйіміз мейірімге, махаббатқа толады» – деді көзі мөлдіреп.


«Жарайды, келініміздің сөзін жерге тастамайық», – деді атасы.


Әйел есік алдына шығып: «Махаббат атай қайсы кісі? Сол кісі үйге кірсін» – деді. Махаббат атай есіктен кіріп еді, қалған екеуі де бірге кірді.


Әйел таңғалып Байлық пен Табыстан: «Мен тек Махаббатты шақырдым, сіздер неге кірдіңіздер?» деп сұрады.


Қарттар жарыса: «Махаббат қайда болса, бізде сондамыз!» – деп мейірлене жымиысты.


***


Міне, сондықтан сізге барлық жақсылықтың бастауы болған Махаббат тілеймін!


Басыңды иетін жерде ие біл...


Құрметті досым, сені бүгінгі туған күніңмен құттықтап, саған өмірдегі барлық жақсылықты тілеймін. Сен менің досым болғандықтан, сенің өмірің – менің өмірім. Осы орайда барлығымызға сабақ болар бір әфсананы айтып бергенді жөн көріп тұрмын.


Баяғыда көпті көрген, елге сыйлы данышпан қария өмір сүріпті. Ол кісі дүние мен байлыққа қызықпаған, бар өмірің елдің ертеңіне арнаған ардақты адам болыпты. Бір кереметі қариядан бата алған адамның бағы жанып, өмірде жолы болады екен. Соны естіген байдың ұлы қарияның батасын алмақ ниетпен, қасына нөкерлерін ертіп, сән-салтанатпен жолға шығады. Олар ұзақ жол жүріп, қарияның шаңырағын әрең табады. Күллі ел білетін, аузы дуалы данышпан қарт ауылдың шетіндегі жаман лашықта тұратынын көріп бай баласының кеудесіне астамшылық енеді. «Е, соншама жерден іздеп келген әулиемнің жағдайы осы ма?» дегендей, тәкаппарлықпен шалқақтай басып келіп аласа лашықтың маңдайшасына шекесімен соғылады. Бұны көрген қария ләм деместен ойлы қалыпта отыра береді. Шекесі ісіп, есі шығып қалған бай баласы: Ақсақал алыстан ат арытып батаңызды алайын деп келдім, бата беріңіз – дейді.


Сонда қария «Балам, астамсымай, басыңды иетін жерде ие біл, сонда жолың болады» – деп бата беріпті.


Осы аңызда айтылғандай сен басынды иетін жерде ие білетін, көтеретін жерде көтере білетін ақылды жансын, сондықтан сенің өмірде жолың болатынына сенемін.


Көп тілегі – көл


Туған күн иесіне бақыт тілей отырып, мына бір аңызды айта кетейін. Ертеде бір адам жалғыз перзентке зар болып, Құдайдан күнде «бала бере гөр» – деп жалынып сұрайды екен. Өстіп зарығып жүргенде Жаратқан иеміздің назары түсіп, әлгі кісінің тілегі қабыл болыпты. Әдеттегідей жалбарынып жатып ұйықтап кеткен оның түсіне ақ сақалды қария кіріп, «сенің тілегін қабыл болып балалы боласын, бірақ та бұл баланың өмірі ұзақ болмайды. Басыңа қонған бақыт мәңгілік емес, ары қарай барлығы да ниетіне байланысты өрбиді» деген екен.


Көп ұзамай әлгі адам перзентті болып, қуаныштан ұлан-асыр той жасайды. Тойға жиналған жұрттың көл-көсір ақ тілегін тыңдап, қанша көңілденейін десе де жүрегінің түкпірінде бір үрей тұрып алады. Түсіндегі қарияның «...бұл баланың өмірі ұзақ болмайды. Басыңа қонған бақыт мәңгілік емес» – деген сөзі көкейінен кетпей, бойын қорқыныш билеп мазасы кетеді. Сөйтіп, жұрттың ақ тілегі көл боп төгілген ғаламат той да аяқталады.


Жанына медет таппай баласын әлдилеп, аймалап отырып ұйықтап кеткен оның түсіне ақ сақалды қария тағы да кіріп, «Әй, пендем, мен саған айтып едім ғой бәрі де ниетіне қарай болады деп. Еңсенді түсірмей, көтер басынды. Жаратқан иеміздің көңілі саған иіп, мына өмірде сәбидің исін искемей өтпесінші, уақытша болса да перзент қызығын көрсінші деп бала берді. Сен осы қуанышты жұртыңмен бөлісіп ұлан-асыр той жасадын. Тойда айтылған ақ тілектің есебі болмады. Барлығы да саған шын ниетпен бақыт тілеп, балаға ұзақ ғұмыр бере гөр деп тіледі. "Көп тілегі – көл" деген осы, Жаратқан иеміз ел-жұрттың тілеген тілегін қабыл етіп балаңа ұзақ ғұмыр берді. Бақытыңды бағалай біл» – деп ғайып болыпты. Сөйтіп, баланың ғұмыры ұзақ болып, бақытты өмір сүріпті.


Осы аңызда айтылғандай, бүгін сенің туған күніне жиналған жұрттың ақ тілегі көл болып, небір ізгі тілектер айтылды. Жаратқан иеміз көпшіліктің шын жүректен тілеген тілегін қабыл етеді. Менің бүгін саған айтар тілегім осы туған күніңде айтылған тілектің барлығын Тәңіріміз қабыл етсін!


***


Аққудың ақтығын,


Өмірдің пәктігін,


Арманның ажарын,


Бақыттың базарын,


Денсаулықтың зорын,


Махаббаттың молын тілеймін!


***


Бірінші – ұзақ жасты өмірлі бол,


Әрқашан да шат-шадыман көңілді бол.


Екінші – тіл мен көзден аман бол,


Қайда барсан да жолы болғыш адам бол.


Үшінші – берекелі, беделді бол,


Ақыл-ойлы кемелді бол.


Төртінші – арыстандай айбатты бол,


Құрыш білекті қайратты бол.


Бесінші – ақылды, данышпан бол,


Заманның көшін алыстан көр.


***


Әрбір адам дүниеге келгенде түнгі аспандағы жұлдыздардың саны көбейеді екен. Шынында да, түнгі аспанды бір сәт тамашалап көрсеңіз, адамдар да сол жұлдыздар тәрізді екенін байқайсыз. Біреулер жарыққа шыққаннан гөрі тасада жүргенді қалайды – оның жұлдызы әлсіз жылтырайды, ал біреулер сабырсыз, өздерінің өміріне жиі өзгеріс енгізеді – олардың жұлдызы біресе жарқырап, біресе әлсіз жылтырап, құбылып тұрады. Ал енді үнемі жарқырап, түнгі аспанға ерекше шұғыла шашып тұратын жұлдыздар болады, олар ізгі жандардың жұлдызы болса керек. Бүгінгі туған күн иесін осындай ерекше жұлдыздың иесі деп айтуға болады. Тұла бойы тұнған дарын және өнерлі, ақылына көркі сай, тартымды осынау қуаныш иесіне шын жүректен бақыт тілеймін. Жұлдызың сөнбесін! Әрқашанда жоғарылап, жарқырай берсін!


***


Бүгін сенің туған күнің – төл мерекең, қуанышың. Біз сені осы мерекеңмен құттықтап, қуанышыңды бөлісуге келіп отырмыз. Егер қып-қызыл шоққа май тамызсаң, лапылдап жанады, ал су тамызсаң, бықсып сөнеді. Бауырым, сенің бағың сол бір тамшы маймен-ақ жансын, сол бағыңнан шыққан жалын сенің өміріңді жарық етсін! Бақытты бол!


***


Емен ағашы жуан, жапырағы қалың болғанына қарамастан, қатты жел тұрса тамырымен қопарылып құлап қалады. Ал қайың ағашы жіңішке, нәзік болғанымен, қатты жел тұрғанда сәл майысады да, жел басылған соң бойын қайта тіктеп, жапырақтарын күннің нұрына малындырып жайқалып тұрады.


Бүгінгі туған күн иесі де осы қайын ағашы тәріздес – өмірде де, қызметте де басына қандай қиын іс түссе де жасымаған, бағы жанса тасымаған, тіршіліктің қандай ауыртпалықтарын, қиын кезеңдерін көрсе де мойымай, күресе білген азамат, мықты қызметкер, аяулы жар, ардақты әке және де айнымас адал дос.


Досым, алдағы өмірде де абыройын артып, еңбегің жана берсін! Ұл-қыздарыңның, туған-туыс, дос-жарандарыңның ортасында сыйлы болып, бақытты ғұмыр кеше бер!


***


Жылдарыңыз жемісті,


Айларыңыз арайлы.


Күндеріңіз көңілді,


Сағаттарыңыз сәтті,


Минуттарыңыз мәнді болсын!


***


Көлдей көңіл тілеймін таусылмайтын,


Өзендей өмір болсын сарқылмайтын.


Аспаның айлы түндей ашық болсын,


Дұшпаның бір өзіңнен қашық болсын.


***


Саған айтар тілек –


Таусылма еш жүдеп,


Қиналсаң – төз.


Жарыссаң – оз,


Ойнасаң – ұт.


Күрессең – жық,


Ешкімді басынба,


Басыңнан асырма.


Табысқа тасыма,


Намысқа жасыма.


Ешкімді күндеме,


Ешкімді тілдеме.


Сөзіңнен танба,


Қатарыңнан қалма.


Біреуді даттама,


Ешқашан кек сақтама.


Біреуді сыртынан ғайбаттама,


Өсекті тыңдама.


Шынығып шыңдал,


Жақсыдан үлгі ал!


***


Туған күнге тілерім –


Таусылмас бақыт!


Ләззатты уақыт!


Арманның ажарын!


Бақыттың самалын!


Өзендей өмір!


Көлдей көңіл!


Құдайдан шапағат!


Тұрақты махаббат!


Алладан амандық!


Зор денсаулық!


Мол бақыт!


Керемет келешек!


Бақытты болашақ!


Ғажайып өмір!


Өшпес ғұмыр!


Керемет күндер!


Көңілді кештер!


Тамаша түндер!


Тілеймін саған Досым!


***


Туған күн ерекше күн әрбір жанға,


Жан досымды асықтым мен құттықтауға.


Бар бақытты тіледім бір өзіңе,


Армандарың орындалсын бұл өмірде.


Денсаулығың мықты боп әрқашанда,


Жүре берші жадырап ортамызда.


Демеп жүрер жанның бірі сенсің қиналғанда,


Үзілмесін достығымыз ешқашанда!!!


***


Туған күн құтты болсын!


Бірінші – ұзақ жасты өмірлі бол,


Екінші – адал кәсіпке бейімді бол.


Үшінші – тіл мен көзден аман бол.


Ғылымға өнерменен зейінді бол,


Төртінші – қатарыңда кемелді бол.


Бесінші – берекелі, беделді бол.


Алтыншы – арыстандай айбатты бол,


Жетінші – жетектеушің Қызыр болып,


Дініне Мұхамбеттің қайратты бол.


Алқалы ақ ордалы кеңесті бол.


Дұғамды қадір Алла қабыл етсін,


Бұрынғы жақсылармен теңесті бол.


***


Туған күнің құтты болсын,


Денсаулығың мықты болсын.


Әр таңың арайлап атып,


Өмірің мәңгі нұрға толсын!


***


Туған күнің құтты,


Денсаулығың мықты.


Жұмысын табысты,


Істерің ілгері болсын!


***


Уақыт – ешкім тоқтата алмайтын алып кеме. Сол кеменің жүрісімен сен де өмір толқындарымен араласа, арпалыса, балалық шақ жағалауына қол бұлғап, адам өмірінің көктемі – жастық шаққа да келіп жетерсің.


Өмір – шуағы мен дауылы, қайғысы мен сауығы, жеңілі мен ауыры қатар алмасқан алпауыт. Өмірмен күресіп жеңе білгендер де, жеңіліп жетегінде кеткендер де бар. Сен солардың алғашқысына қосыл. Өмірде кездесетін сан қилы ауырлықтар мен қиындықтарды ақылмен, сабырмен жеңе біл. Аспан бұлтсыз болмайды, демек, адам өмірінің де бұлтты күндері болар. Бірақ сенің өміріңнің шуақты күндері көп болсын. Аңсаған арманына тек бақытпен жет.


***


Қазақта қысқа да нұсқа әрі дәл айтылған үш тілек бар. Соларды мен саған тілеймін. Олар: денсаулық, бақыт, ұзақ өмір. Себебі денсаулық болса, жұмыс та болады, табыс та болады. Бақыт деген сөздің ауқымы кең: себебі біреулер үшін бақыт деген – сүйген адамының қасында аман-сау жүргені, бақыт деген – біреулер үшін ата-анасының қуанғаны, ал біреулер үшін бақыт деген – балаларының бақытты болғаны. Ал егер де денсаулық пен бақыт болса, неге ұзақ өмір сүрмеске?! Денсаулығың мықты болсын, бақыт құсы басына қонсын, өмір жасың ұзақ болсын!!!


***


Қанша жұлдыз әлемде!


Қанша толқын теңізде!


Сонша бақыт тілеймін


Бақытты бол өмірде!


***


Сені туған күніңмен шын жүректен құттықтаймыз, ойлаған арманыңа жетуіңе тілектеспіз. Сені тек биіктерден көрейік. Қадамыңа – гүл, келбетіңе – нұр, қиялыңа қанат бiтсiн, жасыңа – жас, басыңа бас қосылсын! Шаңырағыңа құт-береке, отбасыңа амандық, денiңе саулық, ұзақ ғұмыр тiлеймiз, арманың асқақ, шығар биігің асқаралы болсын!


Әрдайым құшағың – гүлге, қадамың нұрға тола берсін! Бақытты өмір сүруіңе шын жүректен тiлектеспiз!




Көрілген: 1469    Пікірлер: 0

сейсенбі, 24.03.2015, 01:10

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31