Материалдық емес рухани мұраны қорғаудың жалпыұлттық іс-қимыл жоспары керек

Материалдық емес рухани мұраны қорғаудың жалпыұлттық іс-қимыл жоспары керек

Парламент былтырғы жылы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны қабылдап, оған Елбасы қол қойған болатын. Сосын құжаттың ратификациядан өткені туралы акт 2011 жылдың 28 желтоқсанында ЮНЕСКО-ның Бас директорына табыс етілді. Конвенцияның 34-бабына сәйкес, ратификацияланғаны туралы акті табыс етілгеніне үш ай толғанда, яғни 2012 жылдың 28 наурызында құжат күшіне енді. Осылайша, Қазақстан Конвенцияға толыққанды қатысушы 142-інші мемлекет атанды. Мұның өзі елдің рухани дамуындағы орасан бетбұрыс екені даусыз. Дегенмен ендігі міндетіміз не? Қазақтың рухани мұрасын адамзат өркениетінің қатарына қосу үшін неге назар аудару керек? Осы мәселелерді жүйелеу үшін жақында Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы жанынан Материалдық емес ұлттық құндылықтар жөніндегі ұлттық кеңес құрылған екен. Біз осы кеңес мүшелерінің басын газетіміздің елордадағы кеңсесінде қосып, аталған мәселелерді Алаштың талқысына салуды жөн көрдік.
Қатысушылар: Әлібек Күзербаев, Мә­дениет және ақпарат министрлігі Мәде­ниет комитетінің бас сарапшысы; Нау­рызбаева Альмира Бекетқызы, философия ғылымы­ның докторы, Абылай хан атын­дағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері универ­ситетінің про­ректоры; Елеманова Саида Абдра­химқызы, Қазақ ұлттық өнер институтының про­фессоры, өнертану кан­дидаты; Жұмалиева Тамара Қалмырза­қызы, Маңғыстау облыстық тарихи-өл­кетану мұ­ра­жайының директоры; Мүп­текеев База­ралы Жұма­ғұлұлы, Қазақ ұлттық өнер уни­верситеті фольклорлық зертхана бастығы, өнертану ғылымының кандидаты, күйші; Имамбек Евфрат Бағдатұлы, әлеу­мет­танушы, ЮНЕСКО обсерватория­сының са­рапшысы. Модератор: Қанат Қазы, «Алаш айнасы» газетінің тілшісі.
Қанат Қазы:
- Басқосудың беташарында жа­қында ғана күшіне енген халықаралық конвенцияның маңызын тағы бір еске салсақ. Қазақтың материалдық емес мұрасын қорғау ғана емес, оны дамыту һәм жаңғыртып, адамзат өркениетіне қосу бағытында бұл құжат елімізге не береді?
Әлібек Күзербаев: Алдымен осынау маңызды құжатқа тоқталайын. Конвенция 2006 жылы дүниеге келгенімен, оның алғы­шарты 1970 жылдары қалыптасқан бола­тын. Сол тұста Латын Америкасының бір­қатар халықтары, оның ішінде Боли­вияның көне тұрғындары жаһандану сал­дарынан жойылып кету қаупі төнген рухани мұра­ларын сақтауды өтініп, халықаралық кон­венция қабылдауға мұрындық болған еді. Соның негізінде 2006 жылы осы кон­венция жасалды. Егер 1972 жылы қабыл­данған ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мә­дени және табиғи мұраларды қор­ғау туралы кон­вен­циясы тарих, сәулет ес­керткіштерін қор­ғауға бағытталса, 2006 жылғы кон­вен­ция материалдық емес, яғни рухани мұра­ларды, оның ішінде салт-дәс­түрлер, әдет-ғұрыптар, мейрамдар, дәс­түрлі кәсіптермен байланысты білімдер мен дағдыларды қорғауға бағытталған. Расын­да, адамзат баласы жыл өткен сайын жаһандану сал­дарынан біртіндеп өз мұра­ларынан айы­рылып та жатыр. Мәселен, Бі­рік­кен Ұлттар Ұйы­мының мәліметі бойын­ша соңғы жылдарда ғана әлемде ондаған тіл жойылып кеткен. Ал жойылған тілмен бірге, сол халықтардың аңыз-әңгімелері, жыр-дастандары, яғни бүтіндей бір рухани мұ­ралары құрдымға кеткені анық. Сон­дықтан да ЮНЕСКО рухани мәдени мұраны қорғау, сақтау, жойылып бара жатқан мұ­ра­ларды анықтау, олардың тізімін жасау мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Осыған орай, ЮНЕСКО аясында Адам­зат­тың ма­те­риалдық емес мұ­расының көрнекі тізімі жасалған. Кон­венцияға қосылғаннан кейінгі Қазақстанның да ұлы мұраттарының бас­тысы сол тізімге ұлтымыздың өзіне тән үздік үлгілерін ұсыну болып табылады.
Евфрат Имамбек: «Қазаққа не бе­реді?» дегенге қосатыным бар. Осында отырған тең жартымыз кезіндегі Кеңес Ода­ғының лингвоцид саясатынан жапа шек­кен екенбіз. Сол саясат талай мұраны жалмап кетті. Конвенцияның маңызы сол – өткенді жаңғыртып, өшкенді тірілтеді. Со­сын бұл конвенция – батыстан гөрі шы­ғыс халықтары үшін аса қажетті дүние. Өйт­кені материалдық мәдени мұраны қорғау конвенциясы басым жағдайда Еу­ропа өркениеті үшін маңызды, олардың мәдениетінің негізі материалдық дүние. Ал көшпенді мәдениеттің өзегі – ма­те­риалдық емес, рухани мұра. Мұның ау­қымы да шексіз. Еуропа өркениеті мате­риал­дық емес мәдени мұраны қорғауға ала­тын конвенция қабылданғаннан соң шығыстан келетін өтінімдер нөпіріне тап боламыз деп ойламаса керек. Қазір осыған таң­ғалатындармен қатар, оны мойындай­тындар қатары да артып отыр. Өйткені адам­заттың негізгі мұрасы материалдық мұра болып табылмайды. Басты мұра – ру­хани мұра, бұл да басқа мұралар секілді қорғауды қажет етеді. Ал бізге бұған дейін «мәдениеттің ұстыны материалдық болуы керек» деген жалған пікір тағылып келді. Мұндай таптаурынды еңсеру елдігіміз үшін аса маңызды.
Саида Елеманова: 2001 жылы, со­сын 2003 және 2005 жылдары үш рет адам­зат­тың ауызекі тілде сақталып келген жау­һарларының, фольклор шедеврлерінің, жыр-дастандарының әлемдік конкурсы өтті. Өкініштісі, осы конкурстың ешқай­сысына да біз қатыса алмадық. Ұмтылыс болды, бірақ жолымыз болмады. Өйткені бұл жылдары біз әңгімеге арқау болып отырған Кон­вен­цияға қосылмаған едік. Ал сол әлемдік байқауларға ұсынылған ауыз­ша мәнердегі шедеврлердің барлығы ЮНЕСКО-ның ма­териалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Оған әзірбайжанның ашугасы да, қырғыздың ыршылары да кірді. Өзбектің өзі ЮНЕСКО тізімінің төрт аталымын еншіледі. Қазақтың өнері ғана кіріге алмады. Міне, сол олқылықтың ор­нын енді ғана толтыратын мүмкіндікке иеміз. Бұл мүмкіндікті созуға да келмейді, осы бағытта шапшаң шаралар қабылдауға тиіспіз. Тіпті «Материалдық емес рухани құндылықтар туралы» ұлттық заңымыз да болуы шарт. Мұнымен айна­лысатын ар­найы орган да болуы керек.
Қанат Қазы:
- Ендігі басты мақсат ЮНЕСКО тізі­міне қазақтың рухани мұрасын енгізу дедік. Ендеше, әлемдік өрке­ниеттің қатарына өзінің рухани мұрасы ретінде қазақ қандай мұрасын ұсына алады? Біз бұған дейін қазақтың ай­тысын ЮНЕСКО мұрасына ұсынамыз деп жүр едік. Кейіннен «армяндар ай­тысты өздерінің мұрасы ретінде ұсын­бақ болыпты» деген қауесет шықты. Бұл шындыққа жанаса ма?
Саида Елеманова: Бұл өтірік сөз. Армяндарда ондай ұмтылыс болған емес. Оларда айтыс өнері жоқ. Біздің білетініміз, бұған дейін әзірбайжан тарапынан «ашуга» жөнінде ЮНЕСКО-ға ұсыныс жасалған. Мұ­ны негізінен, ғашықтыққа негізделген по­этикалық жанр десе де болады. Деген­мен армяндар да осы «ашуганы» өздерінің ұлттық рухани мұрасы ретінде қарастырады. Сол үшін армяндар әзірбайжан берген ұсынысқа қосылғысы келеді.
Әлібек Күзербаев: Қазақтың ай­ты­сына ұқсас әлемде бірнеше өнер бар. Алайда айтыстың ерекшелігі де, орны да бөлек. Оны өзгелермен шатастыруға еш негіз жоқ. Сондықтан армяндар айтысқа таласа алмайды. Айтыс жайында айтар әңгіме: қазір қазақ пен қырғыз бірігіп, айтысты ЮНЕСКО дайындайтын Адамзат­тың материалдық емес мұрасының көрнекі тізіміне ортақ мәдени мұра ретінде енгіз­бекші. Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігі қырғызстандық әріптестерімен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Альмира Наурызбаева: Әрине, асыл мұраларымызды ЮНЕСКО-ның көр­некі тізіміне енгізудің жөні бөлек. Бұл зор мақтаныш. Осы үшін біз жұмысқа бел ше­ше кіріскелі отырмыз. Сол арқылы біз бүкіл адамзаттың рухани мұрасының алдында өзіміздің ұлттық феноменімізді паш етеміз. Дегенмен мұнда қазақтың төл мәдениеті үшін туындайтын әрі ең алдымен өзіміз үшін аса қажетті саналатын бір мәселені ес­кергеніміз абзал. ЮНЕСКО тізімінен бұрын, Қазақстанның өз ішіндегі материал­дық емес рухани мұрасының ұлттық тізімі жасалуы керек. Яғни біз ең бірінші кезекте өз ішімізде бар-жоғымызды түгендегеніміз абзал. Екіншіден, қазақтың қандай рухани мұра­сына жоғалып кету қаупі төніп тұр? Мұны да айқындап, жедел шараларды қа­растырған игі. Үшіншіден, біз материал­дық емес мәдениетіміздің бір бөлшегін сақтап қана қоймай, оны қоғамға етене ете білгеніміз жөн. Қоғам өзінің ұлттық рухани құн­ды­лықтарын бағалап, соны сезіне білуі шарт. Ендеше, материалдық емес рухани мұраны дәріптеп, жаңғырту – ұлттық деңгейдегі өзекті мәселе. Төр­тін­шіден, біз саяси тәуел­сіздікке қол жеткізген бақытты елміз. Де­генмен «Тәуелсіздігімізді одан са­йын қалай нығайтып, баянды етеміз?» деген күн тәртібінен түспейтін сауал бар. Сол тұрғыдан алғанда, мәдени мұрамызды сақтау, оны жаңғыртып, қайта түлету Тәуел­сіздікті ны­ғайтатын екпінді фак­тор екенін естен еш шы­ғармасақ екен. Бұл біздің ру­хани мә­дениетіміздің негізгі ұстыны болуы шарт. Өйткені отарлану жыл­дарында ықы­лымнан келе жатқан мұрамыздың бөл­шек­тері жойылды. Соның салдары әлі де сар­қылған жоқ. Сондықтан да ең алдымен материалдық емес мәдени мұраларымыз­дың ұлттық тізімін жасап, соған қарай мем­лекеттік мүд­де көрініс тапса игі. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет қазақтың материалдық емес рухани мұ­расын жаңғыртуы үшін жалпы­ұлттық қы­зығушылықты оятуы шарт. Бұған бүкіл қоғамдық болмысымызбен атсалыссақ игі. Тіпті рухани жаңғыру үшін мек­тептен, ба­ла­бақшадан бастап атқа­рылатын шаралар кешенін қамтуға тиістіміз. Қазіргідей мәдени мұралар үйірмелер деңгейінде қалмауы керек. Қазақтың бай тілінен, тарихынан, әдебиетінен бөлек, қа­зақтың өз есеп-қи­сабы, геометриясы, ма­темати­касы да бар. Осының арасында көптеген құнды­лықтар жаңғыртуды қажет етеді.
Қанат Қазы:
- «Жойылу қаупі» деп қалдыңыздар. Ендеше, қазақтың материалдық емес рухани құндылық­тарының арасынан жоғалу қаупі туындап отырған дүние­лерді атап өтсеңіздер? Қайсы дүниеге мемлекеттік деңгейде қамқорлық керек деп ой­лайсыздар?
Тамара Жұмалиева: «ЮНЕСКО-ны әлем мәдениетінің ұйытқысы» деп бекер атамаса керек. Ендеше, халықтың мәде­ниеті, ондай мәдениеттің құрамдас бөлігі қазақтың ұлттық қолөнер дәстүрінде жа­тыр. Ал қазақтың ұлттық дәстүрлі қол­өнерінің бастауында тұрған бірден-бір дүние, керемет жәдігеріміз, Еуразия көшпен­ді­лерінің қара шаңырағы – киіз үй. Сол тұр­ғыдан мен қазақтың киіз үй жасау шебер­лігін, киіз үй жасау өнерін жойылу қаупінде тұрған материалдық емес құн­дылықтар қатарына жатқызуға болады деп санаймын. Жалпы, киіз үйдің өзі адам қия­лынан, шеберлігінен туған дүние. Біздің аяулы жәдігеріміз, барша қазақтың жүре­гіндегі ұлттық рух пен намысты оятатын киелі бе­сігіміз бола тұра, оны жасау өнері­нің жойылып бара жатқанын аңдамайтын секілдіміз. Көп жерлерде киіз үй темірден құралып, шүберекпен жабы­лып, «мынау қазақтың «темір-ағаш үйі» деп жатыр. Мұндай тіркесті естудің өзі жүрегімізді ауыр­тады. Академик Қаныш Сәтбаев та, сөз зергері Ғабит Мүсірепов те, қазіргі ірі тұлға Елбасының өзі де қазақтың киіз үйіне келіп бас иіп тұрады. Президенттің өзі көр­мені аралағанда, «Мен осындай қазақтың киелі шаңырағында туып-өстім ғой» деп киіз үйді мақтаныш тұтты. Ал біз бара-бара сол киіз үйді жасау өнерімен қоса, оның қасиетінен де айырылып қалмайық. Ендеше, киіз үй жасау шеберлігін жойылып бара жатқан, қамқорлықты аса қажет ететін материалдық емес мәдени мұра қатарына қосу керек деп санаймын. Қазір Маңғыстау өңірінде ықылымнан келе жатқан киіз үйдің барлық қасиетін сақтап жасайтын адамдар бар. Бірақ олардың қатары сиреп барады. Оған күтім, келешек үшін мұралық тағылым ке­рек. Сондықтан да қазақтың киіз үйі ЮНЕСКО-ның тізімінде тұруы тиіс.
Әлібек Күзербаев: Толықтыра түсе­йін, жоғарыда айтқанымдай, айтыс өнері­мен қатар, Қазақстан қырғыз бауырлары­мызбен бірлесіп ЮНЕСКО тізіміне «Киіз үйді жасау дәстүрі» атауымен материалдық емес мұ­раны ұсынуды жоспарлап отыр­мыз.
Базаралы Мүптекеев: Қазақтың жо­ғалып бара жатқан рухани мұрасының ауқымды бөлігі ауыз әдебиетінде жатыр. Кезінде фольклорлық экспедиция деген болатын. Бұл халық арасындағы мұра­лардың барлығын сақтап қалу үшін қызмет ететін еді. Елдің түкпір-түкпірінен салт-дәстүрді, наным-сенімдердің озық үлгісін, жыраулық пен күйшілік өнерді жинаумен экспедиция айналысатын. Қазір бұл жоқ. Сол болмаған соң көп дүние де өңірлерде жойылып жатыр. Қазақтың тұрмыс-салт­тық сарындары қазір ұмытылуға айналды. Сыңсудан бастап, жоқтауға, жарапазанға дейінгі мұралар қатары кеміп кетті. Күйшілік өнердің өзі білім ордаларында академиялық оқу жүйесімен шектеліп қалған. Расында, дәстүрлі күйшілік өнерді дәріптеушілер қай өңірден де табылады. Әзірше табылып тұр. Келер онжылдықта ондай мұраны жал­ғастыратындар саны сиреп, біртіндеп жойылуы да ғажап емес. Жетісу, батыс, Арқа, Сыр мақамдарының мол мұрасы түгенделіп біткен жоқ. Шын­дығында, көкірегі шежірелі бір ақсақалдан айырылсақ, сонымен бірге мол мұраның да кететінін түсінсек игі. Сондықтан да материалдық емес мәдени мұраны дәріптейтін ауылдық мектептер ашылуы керек.
Евфрат Имамбек: Бізге байқалмаға­ны­мен, материалдық емес мәдени мұраға жататын ауқымды элементтер жойылудың шегінде екені рас. Мәселен, Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрына кеңестер бере жүріп, «Ортеке» жанрын ЮНЕСКО-ға енгізуді ұсындым. Біз мұны музыкалық-қуыршақ өнер мұрасы ретінде белгіледік. Расында, «Ортекені» 50-60 жылдары мең­герген азаматтар болғанымен, қазіргі ұрпақ оны мүлдем естен шығарып алған. Тіпті өз ұлтының төл өнері екендігін естіп таңғалысып жатқандары да бар. Біз осыны ЮНЕСКО тізімінде тұруы тиіс деп санадық. Сонымен қатар «Қара жорға» биін ұсынып қойғанбыз. Нәтижесін күтіп отырмыз. Ол бір жарым жылдан кейін белгілі болады.
Әлібек Күзербаев: Нақтылай кетейін, Қазақстанның Ұлттық кеңесі Қазақстан аумағындағы материалдық емес рухани мұралардың алдын ала тізбесін жасап шық­ты. Соның ішіндегі екі мұра ЮНЕСКО-ға жолданды. Оның бірі – «Қара жорға» биі, екіншісі – «Ортеке». Ал бұған дейін өзге ел­дердің бастамасымен ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Наурыз мейрамы мен сұңқармен аң аулау дәстүріне алдағы уақытта Қазақстан да қосылуы тиіс деп ойлаймыз. Осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. ЮНЕСКО-ның талаптары­на сәйкес, Наурыз тәрізді көпұлтты ата­лымдарды ортақ мұра ретінде дайындап, ұсыну оңай жұмыс емес, ол көп уақытты қажет етуі мүмкін. Айталық, осы мұраны алғаш ЮНЕСКО-ға ұсынуға бастамашы болған Иран, Түркия, Әзір­байжан, Қыр­ғыз­стан сияқты елдермен біз­дің мем­ле­кетіміз бірлесіп ортақ өтініш, видео­ма­териал дайындауы керек.
Қанат Қазы:
- Киіз үй жасау өнерін қырғыздармен ортақтасып ұсынамыз деп жүрміз. Сол секілді түркі әлеміне ортақ дүниелер де жеткілікті ғой. Мәселен, «Алпамыс» жырының өзі бірқатар түркі жұртының ортақ қазы­насы. Өзбектер өзіне тартып жатса оған шара бар ма? Бұл жағдайда қалай қыламыз? Бәлкім, түркілердің де ортақ материалдық емес мәдени мұ­раларын жасауымыз керек шығар?
Альмира Наурызбаева: ЮНЕСКО ережесіне сәйкес, егер материалдық емес мәдени мұраның қандай да бір элементі бірнеше елдерде болатын болса, оларға өзара қосыла алады. Қосылу үшін мем­лекеттер өзара келіссөз жүргізсе болды. Оның үстіне, түркі әлемінің ортақ дүниесіне қатысты түсініспеушілік пен талас бола қояды деп ойламаймын. Дегенмен ойды дамыта түссек, менің пайымымша, бүгінгі күні қазақтың материалдық емес рухани мұрасын түгендеуі оның ұлттық идеясына айналмай, мемлекет бұған ұйытқы бол­майынша, оны түркілік әлемінің деңгейіне де, ЮНЕСКО деңгейіне де шығару мүмкін болмайды. Мұны түсіну керек. Бұл – біздің жалпыұлттық идеямыз. Міне, бұған терең мән берсек, әрбір азамат осыны түсіне білсе, оның өзі жалпыұлттық идеяның іргетасы бола алар еді.
Саида Елеманова: Дұрыс айтасыз. Шынымен, ЮНЕСКО аясында қорғалатын қазақтың дүниесін алдымен қоғамның тұтас талқысына шығарып алайықшы. Біз, расында, материалдық емес мәдени мұ­раны қорғауға енді ғана мойын бұрып келеміз. Ендеше, басынан бастағалы тұр­ған осы кезеңде мәселені мемлекеттік жалпы­ұлттық деңгейде көтере білсек екен. Мы­салы, біз қазақтың күйі мен жырын ұсын­ғымыз келеді. Мұны қоғам біліп, ол туралы пікірін, ұсыныстарын берулері шарт. Егер біз мұндай пікірлерді естуге мүмкін­дігіміз болмаса, онда оны әлемдік деңгейде де көтеріп, басқа жұрттың ал­дында да жарытып қорғай алмауымыз кәдік.
Евфрат Имамбек: Шындығында, ЮНЕСКО тізімінде қауымдастықтың, қоғам тарапының бастамаларына баса назар аударылады. Ең алдымен ондай материал­дық емес мәдени мұраны тасымалдаушы­лардың пікірі тыңдалады. Осы тетікті тү­сінуге тиіспіз. Сосын, менің ойымша, мем­­­лекеттен көп дүниені күтіп отыра бермеу керек. Өйткені біз бұған дейінгі жағдайымыздың, өскен ортамыз­дың әсеріне орай бәрін мемлекет істейді, жоғары жақ шешеді деп үйреніп қалғанбыз. Бұдан арылып, қоғам­ның өзі мәдениеттің қорғалуына мүдделі болса екен. Расында, ЮНЕСКО соған көбірек кө­ңіл бөледі. Ал жаңағы түркі әлеміне ортақ дүниеге келетін болсақ, қазақ ондай дүние­лердің бәріне «ЮНЕСКО ережесі солай екен» деп үсті-үстіне қосыла беруден қашуы керек. Ортақ дүниелердің үсті-үстіне қосыла берсек, одан пайда шамалы. Өйткені біз өз құнды­лығымызбен ерекше­лене алмай қаламыз. Тіпті ортақтыққа салсақ, өзіміздің ерекшелігіміз­дің жойылып кетуі қаупі де туындайтыны анық. Сондықтан да біздің Ұлттық кеңестің саясаты өзіндік қасиетпен, қазақ мәдениетімен ерекшеленуі шарт. Біз жалпытүркілік элементтермен ортақтасып ұсынсақ та, қазақтың өзіндік ерекшелігін айрықша атап жазуымыз, көрсетуіміз керек.
Қанат Қазы:
- Осы тұста тағы бір мәселе туын­дайды. Мәселен, қазақтың өз ішіндегі мәдени-рухани мұрадан бөлек, сырт­тағы отандастарымыз да мұраны сақ­таушы, жеткізуші, тасымал­даушы болып табылады. Жаңағы ЮНЕСКО-ға ұсынған «Қара жорға» биінің өзі бізге шеттегі қандастары­мыздың жаңғыртуы арқылы қайтып келді емес пе? Сол се­кілді кезінде шетел асқан қазақ­тардың тарапынан сақталып келген мұ­рамызды ЮНЕСКО тізіміне енгізу жайын қалай қарасты­рамыз?
Евфрат Имамбек: Бұл – өте орынды мәселе. Расында, Атажұрттан жырақта жүр­ген қазақтың арасында жыршылар, шежіре көздері, әншілер – ұлттық мұраны сақтаудың дәнекері. Сол үшін біз Ұлттық кеңестің жа­нынан сарапшылар мен консультант­тардың басын қосатын арнайы комитет құрғымыз келеді. Бұл – бір. Екіншіден, бір мысалды келтіре кетейін. Қырғыз ұлтының бірден-бір мақтанышы саналатын «Манас» жыры ЮНЕСКО-ға Қытайдың бастамасымен енді. Анықтап айтайын, Қытайда тұратын қыр­ғыздар «Манас» жырын ЮНЕСКО-ға енгізді. Осын­дай болмас үшін біз де айтыстың да, киіз үйдің де, басқа түркілермен ортақ дүниеміздің де ерекшелігін көрсетіп жа­зуымыз керек. Шеттегі қандастарымыз­дың қолында бар мұрасын да осы жолмен жүзеге асыратын тетіктер баршылық.
Қанат Қазы:
- Пікірлеріңізге тоқталсақ, бізге ма­териалдық емес мәдени-рухани мұра­ларды түгендеу үшін жалпыұлттық іс-қимыл жоспары керек дегенге то­­­­­қай­­­ла­­сатын секілдіміз. Сосын бұл бағытта ұлттық заңнама болуы керектігі туралы да ұсыныс айтылды. Тағы қандай мәселелер өзекті?
Альмира Наурызбаева: Елімізде «Мәдениет» телеарнасының ашылғанына да біраз болды. Әйтсе де ондағы бағдар­ламалар көңілден шыға бермейді. Бәлкім, жаңадан кірісіп жатқандықтан шығар. Де­генмен бұл арна ең алдымен біздің мә­дениетімізді дәріптесе екен. Шетелден кел­ген деректі фильмдерді қазақшаға ау­дарып бергеннен гөрі қазақтың төл дүниесін өзіне таныстырумен айналысса... Сол үшін «Мәдениет» арнасы аясында экспедициялар да өңірлерге шығып, насихаттау жүйелі жүр­гізілсе... Бұл да үлкен күш болар еді.
Базаралы Мүптекеев: «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде мате­риал­дық емес мәдени мұраны жаңғырту бойынша бағыт қалыптасса деп ойлаймын. Әйтпесе жеке материалдық емес мәдени мұраны қорғауға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Өйткені біздің рухани дәстүріміз өте бай. Оны бір ғана бағдарлама шеңберіне сыйғызу да мүмкін емес. Мемлекет қолдау білдіріп, бәл­кім, біз материалдық емес мәдени мұраларымыздың бір электрондық базасын құруымыз да керек секілді.
Әлібек Күзербаев: Жалпы, «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде 2004-2011 жылдар аралығында елімізде көп­те­ген жұмыстар атқарылғанын естен шығар­мауға тиістіміз. Оның ішінде өзіміз айтып отырған рухани мұралар қайта жаң­ғыр­тылды. Мысалы, бірнеше томдық «Бабалар сөзі» жинағының шығуының өзі еліміздің мәдениеті үшін үлкен олжа болды. Одан бөлек, қазақтың 1000 әні мен күйі таспаға түсіріліп, олардың тұсаукесерлері аса қы­зығушылықпен Астанада өткені баршаңызға белгілі. Міне, осы сияқты жұмыстар одан әрі жалғасын табады деген сенімдемін.
Тамара Жұмалиева: Бүгінгі тол­қын­ның бір ғана мақсаты болуы тиіс деп са­наймын. Бұл – ұлттың асыл құндылық­тарын кейінгі ұрпаққа жеткізу. Бабалар жәдігерін келешекке аманаттау біздің еншімізде. Өйт­кені біз – алтын көпірміз. Ендігіде асыл қа­зынадан айырылып, оның себебін жаһан­дануға жаба салуға бол­майды. Са­налы жұрттың қамын жасайық, оған мүм­кіндік те бар. Сіздердің «Алаш айнасы» газеті де осы ұлттық құндылықтарды түген­деуге кіріссе, соған қосылса екен. Мате­риалдық емес мәдени құндылық – бұл ауқымды дүние. Оның ішінде салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та, қолөнер де, фольклор да, музыка да, әдебиет пен жөн-жоралғы да қамтылады. Әрбір қазақ осыған жанын аямай кірісуі керек. Ертеңгі күні ағылшын тілінде сөйлеп тұрған біздің ұрпағымыз адамзаттың асыл мұрасы арасынан өзінің жәдігерін адаспай тауып алатын болуы шарт. ЮНЕСКО тізіміне де сол үшін жанталасу керек. Тізім жасауды осы бүгін, мына Алаш­тың жүгін арқалаған газеттен бастасақ та болады. Сонымен қатар қазақ азамат­та­рының арасында іскер жігіттер көп. Соларға үндеу жария­лауымыз керек. «Ей, Алаштың азаматы, қазақтың баласы! Ұлттық құн­ды­лығыңды жоғалтпа! Оны адамзат өр­ке­ниетінің деңгейіне көтере біл» деп газет арқылы ұран тастасақ та болатын секілді.
Қанат Қазы: Мұны баршамыз құптап, ұранға Алаш баласы үн қосар деген үміттеміз!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста