14 жыл бұрын жоғалып кеткен өзбекстандық әйел Нұр-Сұлтан қаласынан табылды

08 сәуір 2022, 16:00

14 жыл бұрын із-түссіз жоғалып кеткен өзбекстандық әйел Нұр-Сұлтан қаласынан табылды. Әйел бұл уақыт аралығында түрлі жұмыстар істеп келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

39 жастағы әйелді жақындары 2008 жылдан бері іздестірген. Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері шетелдік азаматты рейд шаралары нәтижесінде тапқан. 

"Іздеуде болған әйелдің сөзінше, Алматыға табыс табу үшін келген. Бұдан кейін ұзақ уақыт бойы Шымкент пен Қызылордада жұмыс істеген. Әйелдің құжаттарын жоғалтып алғанын айтады, осы себепті жақындарымен байланысқа шықпаған", - деді қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер. 

Әйел үйдегі қызметші, кафені жинастырушы сынды түрлі жұмыстары істеген. 2021 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында жалдамалы пәтерде тұрған. 

Көші-қон қызметкерлері Өзбекстан азаматына уақытша құжат берген. Бір ай ішінде ол еш кедергісіз еліне қайта алады.