15 жастағы оқушы полицияны әбігерге салды – видео

21 мамыр 2022, 01:05

Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда оқушыны үш бірдей патрульдік экипаж қуып жүріп ұстаған

Ақтауда 15 жастағы оқушы көлік айдап кетті. Патрульдік полицияның үш экипажы оны қуып жүріп ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Ақтау-Лада" порталына сілтеме жасап.

Жасөспірім туыстарының "Hyundai Tucson" көлігін рұқсатсыз алып, көшеге шығып кеткен.

Ал патрульдік полиция тоқтатуға бұйрық бергенде қаша жөнелді. Сол кезде бірнеше рет жол жүру ережесін өрескел бұзған.

Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда оқушыны үш бірдей патрульдік экипаж қуып жүріп ұстаған. Біреуі жолын бөгеп тастады.

Қазіргі кезде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 591-бабы (Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы) мен 612-бабы (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) бойынша хаттама рәсімделді.

Оқушының заңсыз әрекеті үшін ата-анасы жауап береді.

Айта кетері, құжатсыз көлік басқарғаны үшін ескерту жасалады, я болмаса, 5 айлық есептiк көрсеткiш (15 315 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады.

Ал рөлде телефонмен сөйлескені үшін тағы 5 АЕК-тің айыппұлы қарастырылған.