72 жастағы жаяу марафоншы алты айда Ұлытаудан Ақтауға жетті

30 қыркүйек 2022, 17:29

Алты ай бұрын Ұлытау облысынан жаяу сапарға шыққан 72 жастағы қария бүгін Ақтауға жетті, деп хабарлайды Alashainasy.kz  ҚазАқпаратқа сайтына сілтеме жасап.

 

Сәрсенбай Қотырашевті маңғыстаулықтар ерекше ықыласпен қарсы алды.

 

Саяхатшы алты айда 17 өңір аумағын басып өтіп, 8 мың шақырым жол жүрген. Оның Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына жеткенін 9 күн бұрын жазған едік.

 

«Қазақ халқының қонақжай екеніне, пейілінің кең екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Жол бойы кезіккен тұрғындар мен өңір әкімдері ыстық ықыласпен қарсы алды. Тоқтаған елді мекенімде кез келген адам көмегін көрсетіп, бейтаныс екен демей үйіне қондырды, құрмет білдірді. Отандастарыма алғысым шексіз», - дейді жиһангез С. Қотырашев.

 

Ақсақал күніне ең көп дегенде 40 шақырым жүріп отырған. Маңғыстау облысында ғана күніне 17 шақырым еңсере алған. Себебі өңірдің екпінді желі оның жүрісіне кедергі келтірген.

 

Сәрсенбай Қотырашев – ұста. Егде жаста саяхаттауының үш мақсаты бар: бірі – Ұлытау өңірін елге таныту, екіншісі – өңірлердегі қолөнершілерді тіркеп, жинақтау. Ал үшіншісі – ұмыт болған қымыз мерекесін насихаттау.

 

72 жастағы Сәрсенбай ата осынша шақырымды жаяу жүріп өткен әлемдегі жалғыз адам. Сондықтан Гиннестің рекордтар кітабына енгізілуі де ықтимал.

 

«Мамыр айында ол тарап (Гиннес рекордын тіркеушілер – ред.) межелі жерге белгіленген уақытта жеткенде хабарласу керектігін айтты. Ақсақал Ақтауға келгенін айтқанымда, «енді тек орталық газеттерде жарияланса болды», деді. Сондықтан ақсақал осы әрекетімен тек елімізде ғана емес, бүкіл әлем мойындаған Гиннесстің рекордтар кітабына енуге жақын» – дейді Ұлытау обылсының өлкетанушысы Бақтияр Қожахметов.

 

Сапар барысында Сәрсенбай Қотырашев көлікке мінбеген. Тек оның жанында өз қолымен жасаған салмағы 60 келі арбасы болған. Сапар барысында арбасының дөңгелегі 20 рет жарылған. Енді 6 жыл дайындалып, 6 айда орындаған саяхатынан ақсақал үйіне оралады. Оның ендігі мақсаты – әлемді жаяу аралап шығу.

 

Марафоншы Ұлытау облысынан 31 наурызда шыққан еді.