Алматы көшелері ішінара 8 сағатқа жабылады

03 тамыз 2022, 12:06

7 тамыз күні Алматыдағы көлік қозғалысы бірқатар көшеде тоқтатылады. Мұндай шешім бұқаралық веложарыс өткізуге байланысты қабылданып отыр, деп хабарлайды Экспресс К.

Мәліметке сүйенсек, қозғалыс таңғы сағат 5:00-ден 13:00-ге дейін жабылмақ. Осы уақыт аралығында "Visa Tour of World Class Almaty 2022" веложарысы өтеді. Әуесқой велошабандоздар додасы бірнеше санат бойынша жіктелген.

 
Мысалға, 14 шақырымдық балалар қашықтығы бойынша жарыс таңғы 8:00-де басталса, 32 шақырымдық қашықтыққа қатысушылар Шығыс айналма жолымен (ШААЖ) Рысқұлов даңғылындағы жол айырықты айналып өтеді. Ал 52 шақырым қашықтыққа қатысушылар Саин көшесімен Рысқұлов даңғылын қоса айналады. Мәре сызығы Mega Almaty ойын-сауық орталығы маңында.

Толық қозғалыс 13:00-ге дейін қалпына келтіріледі. Қала тұрғындары мен қонақтарына өз бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз, — делінген әкімдік ақпаратында.