Өткен ғасырдың 40-жылдары салынған Алматы әуежайының ғимаратына демонтаждау жұмыстары басталды, деп хабарлайды Alashainasy.kz Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Ауыр техниканың ғимаратты қиратып жатқан видеосы Telegram-дағы Chinovnik_qaz арнасында жарияланды. Онда Алматының символына айналған нысанның бұзылып жатқанын көруге болады. Бейнежазба авторы тарихи ескерткіштердің тізіміне енген ескі әуежай ғимаратын қорғай алмадық деп өкінішін білдірген.
Алматы тағы бір символынан айырылды. Түрік компаниясы VIP-терминалды бұзуға кірісті, — дейді видео авторы.
Ал Алматы әуежайының баспасөз қызметіндегілер бұл видеода VIP-терминалдың бас ғимараты емес, оның жалғасы бұзылып жатқаны көрсетілгенін айтады.
"2022 жылдың 29 қыркүйегінде VIP-терминал ғимаратының мәдени-сәулеттік мұрасы бойынша қоғамдық талқылаулар өтті. TAV әуежайлары оны көшіру жобасын таныстырды. Көптеген зерттеулерден кейін VIP-терминал ғимаратын көшіру туралы шешім қабылданды. Жаңа терминалдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр және 2024 жылдың жазында аяқталады", — деді баспасөз қызметіндегілер.