Алтын, көмір, темір және мыс кен орындары мемлекет меншігіне қайтарылды

23 қаңтар 2023, 13:26

ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізатының кен орындарын тексеру мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Бұл ақпаратты Zakon.kz басылымына ҚР үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

 
Үкімет жер қойнауын пайдаланушыларға берілген келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

 
 

Талдау барысында 2022 жылы уәкілетті органдар қатты пайдалы қазбалар бойынша 115 келісімшарт пен 198 лицензияны, сондай-ақ көмірсутек шикізаты бойынша 12 келісімшартты бұзды.

 
"Нәтижесінде, мемлекеттік қорға алтын, көмір, темір, мыс, боксит, полиметалл және т.б. кен орындары қайтарылды, олар кейіннен стратегиялық инвесторларға беру үшін аукционға шығарылады", - деп хабарлады ҚР үкіметінің баспасөз қызметі.

 
 

2022 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша бюджетке 26 млрд теңге сомасына қол қою бонусы төленді және көмірсутек шикізаты бойынша геологиялық барлауға 50 млрд теңгеден астам инвестиция мәлімделді.

 

Жер қойнауын пайдалану құқығын ұсынуға арналған аукционға барлық мүдделі инвесторлар қатыса алады. Аукциондарды өткізу туралы ақпарат міндетті түрде республикалық баспа басылымдарында және мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында жарияланады.

 
Сонымен қатар уәкілетті органдар қаржылық міндеттемелерді бұзған жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл санкцияларын қолдану бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

 

2022 жылы мемлекет кірісіне қатты пайдалы қазбалар бойынша 331 млн теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы өндірілді, сондай-ақ көмірсутек шикізаты саласындағы 9 келісімшарт бойынша 1,8 млрд теңгеге берешек өтелді.