Америка нарығын алдап соққан қазақ баласына сот үкімі шықты

24 қаңтар 2023, 12:36

Американың бағалы қағаздар нарығындағы қазақстандық алаяқтың ісіне нүкте қойылды. Олжас Әшікбаев сауда роботтарын алдау алгоритмін ойлап тауып, жарты жылда 22,2 млн долларды заңсыз иемденген.

Бес жылға бас бостандығынан айыру үкімі заңды күшіне енді. Бұл жағдай орын алмағанда, қазақстандық инвесторлар әлемдік бағалы қағаздар нарығынан айырылуы мүмкін еді.

2019 жылдың күзінде FFIN Brokerage Services Inc (Freedom Holding құрамына кіреді) менеджерлерінің бірі компания клиентінің шоттарында белсенділікті анықтаған. Бір жыл бұрын ол алдымен бір, содан кейін тағы екі брокерлік шот ашып, 80 мың доллар салған. Алты ай ішінде оның шоты 28,7 миллион долларға дейін, яғни 360 есеге өскен. Трейдердің табысы бастапқы салымынан 278 есе асып, 22,2 млн долларды құраған.

Мұндай пайда, тіпті, Уоррен Баффет немесе Джордж Сорос үшін де көп деп есептеледі.

Ішкі тергеу нәтижесіне сәйкес, 28 жастағы алматылық Олжас Әшікбаев инвестициялардың тапқыр стратегиясын ойлап таппаған. Ол батыс нарығы үшін белгілі, бірақ Қазақстанда әлі күнге дейін кең танылмаған алаяқтық схеманы қолданған.

FFIN ішкі тергеу нәтижесіне сай, Әшікбаев өз шоттарының арасында акцияларды саудалаған.

Ол өз акцияларын жоғары немесе төмен бағамен сатқан. Әшікбаев манипуляциялауды жеңілдететін нарықтағы танымал емес акцияларды таңдап, биржадағы негізгі сауда-саттық әлі басталмаған немесе аяқталған кезде сауда жасаған.

2022 жылдың басында Олжас Әшікбаевтің ісі сотқа жолданды. Ал 24 шілдеде сот оны ірі көлемде алаяқтық жасады деп таныды (ҚР ҚК 190 бабының 4 тармағы бойынша).

Оның шотында қалған 13 млн доллар да FIN-ге кетеді (шамасы, олар маркетмейкерге келтірілген зиянды өтеуге жұмсалады). Сондай-ақ сот 4,2 млрд теңге көлеміндегі залалды өтеу туралы FFIN азаматтық талабын қанағаттандырды.

turkystan.kz