Артық шығынды азайтып, үнемге көшу керек - Экономика министрі

14 маусым 2022, 20:44

Бүгін Үкімет отырысында есеп беріп, журналистер алдына шыққан Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елдегі экономикалық жағдайға қатысты пікір білдірді.

Ол Қазақстандағы бағалардың не үшін шарықтап кеткенін айтып, тұрғындарға бірнеше кеңес берді, деп хабарлайды Экспресс К.

Министр "еліміздегі адамдар табысының жартысынан көбін азық-түлікке кетіреді" дегенге қатысты пікір білдірді.

Өкінішке қарай, бұл жаһандық проблема. Бұл пандемия кезінде басталды. Тауарларды жеткізу тізбектері үзілді. Оған соңғы оқиғалар келіп қосылды. Логистикалық проблемалар бағаларға қатты әсер етеді. Нарық соңына дейін реттелгенше, осылай құбылып тұрады, — деді министр.

Осыдан кейін, бағаның күрт өсуіне байланысты қиналып жүрген қазақстандықтарға кеңес берді.
Артық шығынды азайтып, үнемге көшу керек. Біз мұндай кезеңнен өткенбіз, экономика осылай айналып келе береді. Қазір соңғы 2-3 аймен салыстырғанда, бағалар тұрақталып келеді. Менің ойымша, кішкене күту керек, — деді министр.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұған дейін жаңадан құрылған облыстар үшін 12 миллиард теңге жұмсалатынын мәлімдеген еді.