Астанада бірыңғай мектеп формасы таныстырылды

16 желтоқсан 2022, 17:14

Отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары бірыңғай мектеп формасын енгізуге арналған қанатқақты жобаның аясында өз  өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
 
 
«ASTANA Ютария ltd» өндірістік инновациялық компанияның алаңында ұйымдастырылған іс-шараға мемлекеттік органдардың, QazTextileIndustry  жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ұлттық бірлестігінің, сондай-ақ өндірістік компаниялардың өкілдері және мектеп оқушыларының ата-аналары жиналды.

ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, қазір еліміздегі мектеп оқушыларын отандық өніммен қамтамасыз ету – басты мақсаттардың бірі саналады. 


Қазір елімізде киім өндірісі саласында 800-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Көбінесе отандық киім нарығы негізінен қадағаланатын сатып алулар мен мемлекеттік тапсырыс қажеттіліктеріне бағытталған. 2021 жылдың қорытындысы бойынша киім өндірісінің көлемі 54,4 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102,3% деңгейінде байқалды. Бұл ретте 38 тігін кәсіпорнында мектеп формасын өндіруге арналған индустриялық сертификат бар екенін айта кетейік, - деді І.Оспанов.

Сонымен қатар комитет төрағасы қазір «Әлеуметтік әмиян» платформасы арқылы ата-аналарға белгілі бір дүкендерде мектеп формасын сатып алу үшін ваучер беру мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек отандық тауар өндірушілерге мектеп формасын сату үшін жеңіл шарттармен сауда нүктелерін ұсыну қарастырылып жатыр. Осыған байланысты  ведомство өкілдері отандық тауар өндірушілердің тізімін қалыптастыру қажет екенін айтты. Оның басты талаптардың бірі – өндірушілердің киім өндіру процесі ұлттық стандарттарға сәйкес болуы тиіс.


Алдағы уақытта мұндай кездесулер жалғасын тауып, осы арқылы барлық тараптың сұранысына сай келетін мектеп формасының үлгісін нақтылау көзделген.