Атақты актер Сағат Жылгелдиев өмірден озды

16 мамыр 2022, 09:10

Атақты актер Сағат Жылгелдиев өмірден озды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Театрымыздың актері, жаны жайсаң Сағат Жылгелдиев ағамыз дүниеден өтті… Театр ұжымы, әріптестері марқұмның жұбайы Жібек Лебаева мен отбасы, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Бақұл болыңыз аға! Сіздің жарқын бейнеңізді әріптестеріңіз, ұжым, өзіңіздің сүйікті көрермендеріңіз мәңгі жадында сақтайды", - делінген естіртуде.


Актердің жаназасы 17.05.2022 жылы сағат 09:00-де Мұратбаев 48 мекенжайында шығарылатыны айтылады.

 
Ал қоштасу рәсімі 17 мамырда сағат 10:00-де Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында өтеді.

Сағат Ермағамбетұлы Жылгелдиев - 1954 жылдың 12 желтоқсанында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылында туған, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері.

Сағат Ермағамбетұлы Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік бөлімін бітірген. 1977 жылдан Қазақ балалар мен жастар театры сахнасында өнер көрсетеді. Ол ойнаған Ақын (И.Сапарбаевтың "Ауылдан келген аруында"), Байжан (И.Ғайыптың "Алтын ажалында"), Абдолла (С.Балғабаевтың "Ең әдемі келіншегінде"), Қожа Ахмет Иасауи (О.Дастановтың "Әзірет Сұлтанында"), Шеге, Байдалы би, Сердәлі (Ғ.Мүсіреповтің "Қыз Жібек", "Ұлпан", "Ақан сері - Ақтоқтысында") т.б. рольдерін мамандар жақсы бағалаған.