Атырау облысында екі жігіт түн ортасында қарумен ұсталды

23 желтоқсан 2022, 09:36

Атырау облысында екі ер адам түн ортасында аңшы қаруымен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 1 қазаннан бері «Киік» кеңауқымды акциясы өтіп жатыр.

«Бұл акцияның мақсаты – киік атудың жолын кесу, оның өнімдерін заңсыз дайындаумен, сатумен айналысатын адамдарды анықтау. Полиция қызметкерлері Атырау облысының аумағымен өтетін «Астрахан-Ақтөбе» тасжолының бойында түнгі сағат 01:30 шамасында «LADA» көлігін тоқтатып, тексеру жүргізді. Көлікте 1994 және 1991 жылғы жігіттер болған. Олар 12-калибрлі екі ұңғылы үш қару мен 1 дана фрискательді, сойылған 2 қоян етін алып келе жатқан», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

«Полиция қызметкерлері «Киік» акциясы аясында Атырау қаласының маңындағы Дамбы, Амангелді, Жамбыл, Пешной елді мекендерінде рейд өткізді. Рейд кезінде өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу дерегіне қатысты 21 құқық бұзушылық анықталды. Заңнама талабын бұзған 19 адамға 230 мың теңгенің айыппұлы салынды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

«Киік» кеңауқымды акциясы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының тұрғынынан 8 киіктің мүйізі тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.