Атырауда 9-қабаттың балконында жалғыз қалған сәби құтқарылды

06 маусым 2022, 10:24

Атыраудағы көпқабатты тұрғын үйдің 9-қабатындағы пәтер балконында жалғыз қалған екі жасар бала құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 
Облыстық полиция департаменті хабарлағандай,  4 маусым күні сағат 17:00 шамасында патрульдік полиция экипажына Береке шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің 9-қабатының балконында кішкентай баланың тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен.

«Тұрғындар 9-қабаттан жерге түсіп жатқан түрлі затты көріп, артынша баланы байқаған. Бала балконнан түрлі тұрмыстық заттарды лақтыра берген», - делінген хабарламада.

Патрульдік полиция инспекторлары Еламан Тілешов пен Нұрбол Багетов баланың өміріне қауіп төніп тұрғанын анықтап, дереу эвакуациялауға арналған өрт жағдайындағы сатымен 9-қабатқа көтеріліп, баланы құтқарады.

Полиция баланың пәтерде жалғыз, ата-ана қарауансыз қалғанын анықтады.