Атырауда кісі өлтірді деген күдікке ілінген сарбаздың анасы аштық жариялады

03 маусым 2022, 21:52

Әріптесін өлтірді деген күдікке ілінген сарбаз Айболат Аманжоловтың анасы аштық жариялап, ұлын Атырауға қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазТАГ басылымына сілтеме жасап. 

"Айболат Аманжоловтың анасы Айнұр Төлемісова басқа балалары мен туыстарымен бірге Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне барып, ұлына тағылған айыпты алып тастауды және оны Атырауға қайтаруды талап етті. Сонымен бірге ол аштық жариялайтынын мәлімдеді", - делінген хабарламада.

Төлемісованың айтуынша, ұлын не туыстарына, не адвокатына хабарсыз Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырған, содан бері бір аптадан астам уақыт бойы Айболаттың жағдайы туралы ақпарат берілмеген. Сонымен бірге ол ұлының кінәсіздігі құқық қорғау органдарына жүргізілген сараптамалар арқылы расталғанын баса айтты.

"Мына мәселені шешіп, баламды Атырауға қайтарыңыздаршы. Менің бар талабым осы. Маған басқаның керегі жоқ, баламды қайтарыңыздар", – деп талап қойды Айбоолаттың анасы.

Еске салсақ, Ант қабылдап үлгермей ауыр айып тағылған атыраулық сарбаз Айболат Аманжоловтың ата-анасы әділ тергеуді талап етеді. Оны Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімде қайтыс болған маңғыстаулық Әлібек Қалбайдың өліміне кінәлі деп қамауға алған.