«Бәрі бірдей баға алған»: еліміздегі медициналық ЖОО студенттері мемлекеттік емтихан нәтижесіне сенбей отыр

16 маусым 2022, 10:13

Еліміздегі медициналық білім беретін жоғары оқу орындарының студенттері мемлекеттік емтихан қорытындысына күмәнданып отыр. Себебі сынақтан өткен студенттердің барлығы аз балл алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

 
Қазір Денсаулық сақтау министрлігі тест өткізген тәуелсіз емтихан орталығымен осы мәселені талқылап, әзірге бір шешімге келе алар емес. Еліміздегі дәрігерлерді дайындайтын бес бірдей оқу орнының интерндері мемлекеттік емтихан қортындысына таң қалып отыр. Мыңнан аса жасты бөліп жармай, бәріне бірдей орташа баға қойыпты. Бұған күмәнданған ақтөбелік жастар тест алған мекеменің филиалын жағалап жүр. Ал елордадағы медициналық университет интерндері түнді өз қалаларындағы орталықта өткізіпті.

Интернатурада оқитындардан мемлекеттік сынақ алу ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы қоғамдық бірлестігіне жүктелген. Жастар тест тапсыру кезінде жариялық жоғына ашынады. Ең қызығы апелляцияны емтихан үстінде беріп үлгеру керек.

Тест тапсырушылардың бірдей баға алғанына ректорлар да таң қалып отыр. Тек бір өңірдің емес, 5 аймақтағы университеттің жастарынан мемлекеттік емтиханға қатысты шағым түскен. Енді жоғары оқу орындарының басшылары да денсаулық сақтау министрлігінен осы мәселені шешіп беруді сұрайды.

 «Еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарындарының барлығында осындай жағдай орын алып отыр. Ректорлар болып Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адам ресурстары департаментіне хабарластық. Әлі осы мәселе талқыланып жатыр. Неге интерндердің барлығының бағасы бірдей болғанын тексереді. Сосын бір шешім қабылдайтын болар», - дейді М.Оспанов атындағы БҚМУ ректорының міндетін атқарушы Эльнара Исмағұлова.
Тест қортындысына қатысты мамандар қазір түрлі болжам айтып жатыр. Студенттер жауапты бір-бірінен көшіріп алған немесе техникалық ақау себеп болды деген болжам бар. Десе де сынақтың сұрақ жауабын бәрімізге ашық көрсетіп берсе деген талап орандалса деп тілейді жастар.