Батыс Қазақстанда 60 ауыл мәртебесінен айырылды

26 желтоқсан 2022, 09:18

Батыс Қазақстан облысында соңғы он жылда 60 елдімекен ауыл мәртебесінен айырылды, деп хабарлайды Хабар 24.


Халқы үдере көшіп, үй саны күрт азайып кеткен. Ауылдық ағайынның қалаға ағылуына жұмыссыздық пен инфрақұрылымның нашарлығы себеп болыпты. Тағы 49 елдімекенге осындай қауіп төніп тұр.


Бір кездері бірлігі бекем, тірлігі тиянақты болған Кожевников ауылының қазір сыйқы қашты. Қаз-қатар тізілген үйлер қаңырап бос қалған. Қүтімі болмаған соң, қирап жатыр. Сатып алуға ешкім құлық танытпапты, өйткені инфрақұрылымы жоқ ауылға жан баласы көшіп келгісі келмейді.

Елдімекенде кейінірек құрылған қос агроқұрылымды қоспағанда, байырғы тұрғындардан жалғыз отбасы ғана қалған. Алпысты алқымдаған Виктор Агафонов бұл ауылдың халқын түгел таниды. Өзі осы ауылда туып-өскен. Жас кезінде кеңшарда тракторшы болып еңбек етіпті. "Ол уақытта ауылдастардың барлығы тұрақты жұмыспен қамтылған еді" дейді қария.


Кезінде бұл ауылда 150 шақты үй болған деседі. Инфрақұрылымның жоқтығы мен жұмыссыздық ауылдың тоз-тозын шығарды. Облыста қазір 49 елдімекен осындай хәлде. Олар "ауыл" мәртебесінен айырылуы мүмкін.
"Заңнама бойынша ауыл статусы болу үшін ауылдағы тұрғындардың саны 50 адамнан кем болмауы тиіс. Жаңағы 49 ауылдық елдімекеніміз 3 жыл ішінде тұрғындарының саны 50-ден көбеюі керек немесе жергілікті билік олар бойынша шешім қабылдап, оларды дербес есептен шығаруы керек. Соңғы он жыл ішінде біздің облысымыз бойынша 60 ауыл өзінің "ауыл" статусынан айырылды. Бұған қоса ауылдық округтер саны да қысқартылуы мүмкін. Өйткені бірқатар елдімекен ауыл мәртебесінен айырылған жағдайда құрамында әкімшілік орталығы ғана қалатын округтер бар. Ал заң бойынша ауылдық округте кемінде 2 ауыл және 500-ден астам тұрғын болуы шарт", - дейді облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева.


Өңірде мұндай талапқа сәйкес келмейтін 26 әкімшілік аумақ тіркеліп отыр. Енді олар берілген мерзім ішінде қайта оңалмаса, мәртебесінен айырылады.