"Бетінен ұрған жоқ, ұстады": Облыстық білім басқармасы мұғалімнің бірінші сынып оқушысын ұруға қатысты пікір білдірді

05 мамыр 2022, 10:16

Маңғыстау облыстық білім басқармасының өкілдері желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді. Видеодан мұғалімнің бірінші сынып оқушысын шапалақпен ұрғанын көруге болады. Оқиға Ақшұқыр ауылындағы мектеп-гимназиясында болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Astana" арнасына сілтеме жасап.

Оқушының анасы мұғалімді педагогикалық қызметпен шұғылдану құқығынан айыру керегін алға тартты. Сөзінше, мектеп директоры мұғалімнің баланы ұрмағанын, құлап қалмауы үшін ұстап қалғанын айтқан. 

"Мұны ұрды деп айтпас едім,мұғалімнің оқушыны ұстағанын көрдім. Ол мұғалімді жауып тұр. Сондықтан материалдарды, мұғалімнің түсініктемесін қарау керек. Өздеріңіз білесіздер, мектеп директоры мұғалімге қатаң сөгіс жариялады", – деді Маңғыстау облысы Білім басқармасы педагогикалық кадрлар бөлімінің басшысы Бақтыгүл Өмірбекова. 

Мұғалім баланы шапалақпен ұрғанын жоққа шығарды. Алайда кейін өз еркімен жұмыстан кеткен. Әлеуметтік желідегі даудан кейін мектеп директоры да тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстауда мұғалім бірінші сынып оқушысының бетінен шапалақпен ұрғаны туралы хабарлаған едік.