Батыс Қазақстан облысында тағы бір ауылды су басты. Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Арна мәліметінше, Ақсай қаласының іргесіндегі Қызылтал елді мекенінде жекеменшік үйлерге зақым келген. Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, 12 баспанаға су кіріп, 8 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Оның төртеуі бала.
"Тұрғындардың көбі туыстарының үйін паналап отыр. Су басқан ауылға 83 қызметкер мен 30 арнайы техника жұмылдырылған. Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланды. Ақсайдағы №7 мектеп ғимаратында эвакуациялық орталық жасақталған", - делінген хабарламада.
Өңір бойынша барлығы 87 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Тасқын қаупі сейілмей тұр, делінген арна материалында. "Қазавтожол" мамандары мен құтқарушылар су шайған учаскелерде тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.