Дөңгелек жөндеу бойынша қызмет көрсететін кәсіп иесі Мәжіліс депутаттарына жеңілдік жасайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Желіде ерекше жарнамасы бар дөңгелек жөндеу орталығы туралы бейнежазба тарады. Онда Мәжілістің екі депутаты мен бір министрдің портреті ілінген.
"Дөңгелек ауыстырып үлгердің бе? Депутаттарға жеңілдік бар", — деп кәсіп иесі өзінің жұмыс орнында жазып қойған.
Аталған сервистік қызмет көрсету орталығының сыртында депутаттар Мәди Ахметов пен Айдос Сарымның, сонымен бірге Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың суреттері ілінген.
Аталған жағдайға қатысты желі қолданушылары түрлі пікір жазып, дөңгелек жөндеушіге ризашылық білдірген. Онда "Керемет!", "Әдемі әзіл", "Көп ұзамай суреттерді алып тастайтын шығар", "Идеясы ешкімге ұқсамайды", "Барлық депутаттың суретін ілмегені өкінішті" деген мағынадағы пікірлер бар.
Көліктің дөңгелегін ауыстыратын орталықтың еліміздің қай қаласында орналасқаны туралы ақпарат жоқ. Желі қолданушылары оның Астана мен Алматының бірінде болуы мүмкін екенін жазды.