27 желтоқсанда Екібастұздың бірнеше үйі уақытша жылудан ажыратылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Pavlodarnews.kz-тің жазуынша, Молдағұлова көшесі, 22, 24/б, 26, Инженерный проезд 11, 13, 3/1, 4 мекенжайлары бойынша және бірқатар жеке тұрғын үйлерде, сондай-ақ Момышұлы көшесі, 23, 29, Молдағұлова көшесі, 22 мекенжайлары бойынша заңды тұлғаларда жылумен жабдықтау болмайды.
Жылу беруді өшіру жылу желісіндегі жөндеу жұмыстарына байланысты.
Еске салсақ, 27 қарашада Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалған еді.
Қоғам белсенділері қала тұрғындарының қыстың көзі қырауда жылусыз қалуына олигарх Клебановты айыптады. Екібастұзға барып, қиын жағдайға тап болған жергілікті тұрғындармен тілдескен Мәжілістің бір топ депутаты премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдаған.
Бұдан бұрын қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов бір апта ішінде Қазақстанның бірнеше жылу электр орталығында апат болуы қауіпті сәйкестік екенін айтқан еді. Оның пікірінше, апаттар қасақана ұйымдастырылуы мүмкін.
Апта басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев Екібастұздағы апаттың себебін анықтау үшін тергеу жүргізуді тапсырды.