Биыл 11 айда қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы түрінде 402 млрд теңгеден астам қаражат төленді, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.
Қараша айында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 28,5 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша — 9,3 млрд теңге бөлінді, – делінген хабарламада.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 527,7 мың, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша — 184,3 мың адамға жеткен.
2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 54 062 теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақы — 50 368 теңгені құрады.
Сонымен қатар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5 пайызға артады.