Елімізде жаңа көліктер қымбаттай бастады

06 наурыз 2022, 22:30

Қазақстанда жаңа көліктердің бағасы көтеріле бастады. Автосалондарда бірнеше модельдің құны 100 мың теңгеге артты. Ал кейбір көлік маркалары бірден миллионға қымбаттап кетті, деп хабарлайды Kolesa.kz порталы.
 
Мәселен, қазақстандықтар арасында кеңінен танымал 2 литрлік мотор және вариаторлы Toyota Camry-дің қарапайым нұсқасы 14,9 миллион теңгеге дейін көтерілді. Бұрын ол 13,4 миллион теңге (+10.9 %) тұрған. Ал 3,5 литрлік V6-мен жүретін «Люк» 22,9 миллионнан бірден 25,5 миллион теңгеге дейін қымбаттады.
Өткен айда RAV4 кроссовері 15,2- 21,2 миллионның аралығында болса, қазір 16,9-23,5 миллион теңгеге сатылып жатыр. «Land Cruiser 300» маркасы 39.7 млн теңгеден 42.5 млн-ға дейін қымбаттады. Бұл – қарапайым нұсқасы.
 
Ал 3,5 турбомоторы бар «Премиум» нұсқасның бағасы 59,6 млн-ға көтерілді. Бұрын 55,7 миллион теңгеге сатылатын.
Hyundai, керісінше, ескі бағаны сақтап қалды. Алматыдағы зауытта құрастырылатын Accent қана 400 мың теңгеге қымбаттаған. Бұрын 6,7-7,8 млн шамасында сатылған модельді қазір 7,1-8,2 млн теңгеге алуға болады.
 
Chevrolet маркасының дистрибьюторы ақпанда бағаларды алып тастаған. Қазір сайтқа қайтадан шығарып қойды. «Спарктың» 5,0 млн теңгеден 5,7 млн теңгеге қымбаттағаны байқалады. Ал Cobalt пен Nexia-ның бұрынғы бағасына 700-800 мың теңге қосылған.
Kia модельдері 100 мыңнан 600 мыңға дейін қымбаттады. Мәселен, биыл шығарылған Rio 7,8-9,6 млн теңгеге болып тұр. Қыста дәл осы көлік түрі 7,4-9 млн теңгеге сатылған. Sorento-ның ең арзан нұсқасы 16,6 млн теңге тұрады. Бұрынғы бағасы – 15,9 млн теңге. Lada Vesta ақпан айында 5,8 млн теңгеден сатылса, қазір 6.0 миллион болып тұр.
 
Renault бағасында әзірше өзгеріс байқалмайды.
 
Қытайдан келетін Haval мен Chery, сонымен қатар жапониялық Subaru көліктерінің құны бұрынғы деңгейде тұр. Ал JAC сайттағы баға жазылған тізімді жасырып қойыпты, соған қарағанда марка өкілдері жуырда тауарын жаңа бағада ұсынатын сияқты. Volkswagen да қымбаттады. Мәселен, Polo-ның бағасы енді 9.1 млн теңгеден басталады. Ақпан айымен салыстырғанда 1.5 млн теңгеге жоғары.
Taos кроссовері 2.8-3.2 млн теңгеге қымбаттап, ең арзаны 14.9 млн теңгеден сатылып жатыр. Бірақ бәрінен Tiguan-ның көп қымбаттағаны байқалады. Оның бағасы бірден 3.4-4.1 миллионға көтерілді.
 
Осылайша, қарапайым нұсқасы 18 миллионға дейін жетсе, толық жабдықталған түрі 24 млн теңге тұрады. Malibu, Equinox, Trailblazer және Tahoe бағалары өзгерген жоқ.

aikyn.kz