Еліміздің кәсіпкерлері Бас прокуратурадан көмек сұрады

29 қыркүйек 2022, 14:46

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкер палатасының төрағасы Райымбек Баталов бизнесмендердің ісіне мемлекеттік және құқық қорғау органдары араласып, өздері заң бұзатынын айтты, деп хабарлайды Alashainasy.kz  Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Кәсіпкерлер көбіне полиция, экономикалық тергеу қызметі, Антикор мен ҰҚК қызметіне қатысты шағымданады. Мысал келтірейін. Қаншама кәсіпкер қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде тіркеледі, ал соңында бұл жай ғана мүлік дауы болып шығады, — деді Райымбек Баталов.

Осы ретте еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловтың айтуынша, оларға қылмыстық қудалауға тап болған кәсіпкерлерден шағымдар күнде түседі.


Ол бизнесті тексеруші органдар істі тергемес бұрын, жағдайдың анық-қанығын басында біліп алуы қажеттігін жеткізді.

Жыл басынан бері бизнес өкілдеріне қатысты 400-ден астам заңсыз іс тоқтатылды. Осыған орай арнайы қаулы шығардық. Оған сәйкес, кәсіпкерлерден шағым түссе, прокурорлар 24 сағатта тексеріс жүргізуі қажет, — деді Берік Асылов.

Бас прокурор бұл бұйрықтың алғашқы нәтижесін де айтты. Мысалы, Қаржы мониторингі агенттігі бұрын айына 150 қылмыстық іс тіркесе, қазір бұл көрсеткіш 4 есе азайған.