Ердоғанның назарын аударған оқушының үйіне Түркия елшілігінен қонақ келді

04 маусым 2022, 14:54

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының 1-сынып оқушысы Байжігіт Байкүбенов Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның назарын аударған болатын. Хакім Абайдың өлеңін жатқа оқып, эстафетаны Режеп Тайип Ердоғанға жолдаған балақайдың ауылына Түркия елшілігінің өкілдері келді. Карантин шектеулеріне байланысты кешіккен түріктердің бұл сапары жайлы ҚазАқпарат тілшісіне оқушының әкесі айтып берді.

Ауылға келетінін айтқан

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойында 9 жасар Ләйлім Рысқали ақын өлеңін жатқа оқып, эстафетаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған еді.

Ал Байжігіт есімді тарбағатайлық бала эстафетаны Түркия Президентіне бағыттауға ниет білдірген. Оның бұл батылдығына әкесі Дулат Байкүбенов қолдау танытты.

Видео желіге жүктелгеннен кейін арада 1 жарым жылдай уақыт өткен соң ауылға Анадолы еліндегі TRT AVAZ телеарнасында Байжігіт жайлы сюжет көрсетілгені туралы хабар жетті.

Содан кейін Түркияның Қазақстандағы елшілігі хабарласып, әкесі мен ұлын Нұр-Сұлтан қаласына шақырған.

Елордадағы елшілік ғимаратында оқушыға Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчудың арнайы хаты, ipad mp3 player және Түркия туы бедерленіп, «Байжігіт» деген жазуы бар алтын білезік сыйға тартылды.

 

Режеп Тайип Ердоғанмен Zoom арқылы тікелей байланысқа шығу да жоспарланған-тұғын. Алайда Президенттің шұғыл жұмысы шығып, бұл ой іске аспай қалған.

«Сол кезде Түркия елшілігінің өкілдері біздің ауылға келетінін айтқан еді. Карантин шектеулеріне байланысты кейінге шегерілген бұл сапар биыл іске асып отыр», - дейді Дулат Байкүбенов.

«Қазақтың қонақжайлығын көрсетуге тырыстық»

Осы жылдың мамыр айында Тұғыл ауылына елшілік жаныңдағы білім бөлімінің басшысы Абдулмуталиб Четин мен Түркиядағы TRT AVAZ телеарнасының басшысы Мехмед Захид қонаққа келді. Мақсаты – Байжігіттің кіндік қаны тамған жермен танысу, үйін, оқып жатқан мектебін көру.

 

«Бүгінде аядай ауылымызда 3 мыңға жуық адам тұрады. Осындай қонақтардың келуі – біздің ауыл үшін тарихи оқиға. Мұқым ауыл халқы асыға күттік. Бірінші Өскеменге барған түріктер көлікпен 8 сағат жүріп Тұғылға жетті. Екі аралықтың жолы шұрық тесік қой. Олар мұндай жолды көрмеген шығар. Сол жағынан ұялсақ та қазақтың қонақжайлығын көрсетуге барынша тырыстық», - дейді Дулат.

Қонақтар мектепке барып, оқушыларға сыйлықтар берген. Одан соң ауылдық мешітке бас сұғып, Құран кітап таратты. Бұдан бөлек, жағдайы төмен 30 отбасына азық-түлікпен көмек көрсеткен.

«Қарапайымдылығына, мәдениеттілігіне таң қалдық. Екі елдің татулығын, сыйластығын ерекше бағалайтынын сездірді. Ұлттық тағамдарымыздан дәм татқызып, ауылдың тыныс-тіршілігімен, халқымен таныстырдық», - дейді тарбағатайлық.

 

Байжігіттің үйіне қонған түріктер келесі күні таңертең жолға шыққан. Сол кезде Дулат «Турасын айтыңыздаршы, ауылымызға не үшін келдіңіздер?» деп сұрапты.

Бұған олар «Былтыр уәде бердік қой. Сөзде тұратынымызды көрсеткіміз келді. Әйтпесе ертең Байжігіт «Түркия халқы айтқан уәдесін орындамайды» деп бізді сынауы да мүмкін ғой» деп жауап берген.

«Абдулмуталиб Четин кетерінде ризашылығын білдіріп, Түркия еліне қонаққа шақырды. Түрік жеріне келген әр қазақты бауырндай көретінін айтты. Байжігіт қонақтардың ерте кеткеніне қапаланды. Бірақ алдағы қазан айында Режеп Тайып Ердоған Қазақстанға келеді екен. Сол кезде бұйырса Байжігітпен кездеседі деп жоспарлап отырмыз. Түркия Президентіне ерекше сыйлық дайындап жатырмыз», - дейді Дулат Байкүбенов.