Қарағандының қара суығында жұқа киімді балалар мерекеге дайындалуға мәжбүр болды

29 қыркүйек 2022, 17:46

Қарағандылық ұстаздар кәсіби мерекелерінің қарсаңында оқушыларды мектеп алдына тізіп қойып, Ұстаздар күніне арналған қойылымды пысықтаған, деп хабарлайды Alashainasy.kz Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

 

Сынап бағанасы 0 градусты көрсетіп тұрғанына қарамастан балаларды көйлекшең далада тұрғызып қойған мұғалімдердің тірлігі жайлы бейнежазбаны редакциямызға Newscorr қолданушысы жолдады.

 

Қарағанды. 41-мектеп. Күннің суығына қарамастан оқушылар мерекенің дайындығын пысықтауға мәжбүр. Мұғалімдер жылы киініп алған. Ал байғұс балалар жейдешең тұр, — дейді жазба авторы.

 

Жазбадан сапқа жаңадан қосылған шәкірттердің сырт киімін шешіп, аулада өздерін бақылап тұрған ересектерге беріп жатқанын байқауға болады.

 

Мәселенің мән-жайын білу мақсатымен Экспресс К тілшісі аталмыш мектептің басшылығына хабарласты. Олардың айтуына қарағанда, Ұстаздар күніне дайындалып жатқан балалардың өздері ыңғайлы болу үшін сырт киімдерін шешуге рұқсат сұраған. Мектеп өкілі шәкірттердің суық тиіп ауырмайтынына сендірді.