Қайрат Құдайбергенді қамауға алу мерзімі тағы екі айға ұзартылды

20 мамыр 2022, 22:31

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергенді қамауға алу мерзімі тағы екі айға, яғни 21 маусымға дейін ұзартылғанын жария етті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тергеу сотының қаулысы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беруді сұраған өтінішхат қанағаттандырылды. Күзетпен ұстау мерзімі - 2022 жылғы 21 маусымға дейін, - деп мәлімдеді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.


Айта кетсек, 21 сәуірде Алматы мәслихатының депутаты жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікпен ұсталды.

Құдайбергеннің жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бары және оған қатысқаны ұсталған топтан тәркіленген телефондағы "Қазақстан" қонақ үйінде түсірілген бейнежазбалармен, куәгерлердің айғақтарымен расталады, - деді Алматы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Алдында Қайрат Құдайбергеннің адвокаты Мұрат Амитов депутатты тергеу соты бір айға қамауға алғанын мәлімдеген.