Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот үкімі шықты. Бұған дейінгі өткен сот отырысында прокурор оған 6 жыл жаза кесуді сұраған болатын, - деп хабарлайды Alashainasy.kz Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласының №2 Байқоңыр аудандық сотында бүгін судья үкім оқыды. Ол аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталған Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оның мүлкі тәркіленіп, 10 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Қайрат Сатыбалды жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейді.
Қайрат Сатыбалдыұлы ҚК 28-бабы 3-бөлігімен, сондай-ақ 189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы және 195-баптың 4-бөлігімен кінәлі деп танылсын, — деді судья Нұрлан Баяхметов.
Сондай-ақ ол ұлттық қауіпсіздік органдарының генерал-майоры шенінен, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінен айырылуы мүмкін. Бар атақтарынан айыру туралы ұсыныс Президентке жолданады.
Естеріңізге сала кетейік, Назарбаевтың немере інісі "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлады деген айыппен 13 наурызда ұсталған болатын.
Бірнеше айдан бері қамауда отырған ол өз кінәсін толық мойындады. Бұл туралы Экспресс К бұған дейін бірнеше материал жазған болатын.