Қазақстан мен Қырғызстан азық-түлік қауіпсіздігін бірлесіп нығайтады

16 сәуір 2022, 01:23

Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов Қырғыз Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеевпен кездесу өткізді.

Келіссөз барысында тараптар сауда және инвестициялар, транзит және көлік, сондай-ақ су-энергетикалық теңгерім салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Өзара сауда мәселесін талқылай отырып, Қазақстан премьер-министрі тауар номенклатурасын кеңейту қажеттігі туралы пікір білдірді. Сауда-экономика саласындағы негізгі жетістік өзара сауда көлемінің ұлғаюы және белгіленген $1 миллиардқа қол жеткізу болды. Жаңа міндет — тауар айналымының көлемін $2 миллиардқа жеткізу.
 
"Бізде сауданы ұлғайту әлеуеті бар 190 тауар позициясы бойынша ұсыныс бар. Бізге "Қарасу-Ақтілек" өткізу бекеті маңында индустриялық сауда-логистикалық кешендер құру жобасын іске асыруды жеделдету қажет", — деді Смайылов.
 
Ал Дюшекеев Қырғызстан тарапының Қазақстаннан тікелей инвестициялар тартуға мүдделі екенін жеткізді.

"Біз инвестициялық және сауда саясатын жетілдіру жолында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бизнес жүргізу және кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр", – деді Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі.

Сондай-ақ Дюшекеев ортақ мүдделерді қанағаттандыру аясында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ұсыныс айтты. Мұндай шешімнің мақсаты – сыртқы нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында азық-түлік қауіпсіздігінің бұзылуының сын-тегеуріндерін төмендету үшін біріккен саясатты әзірлеу.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық қозғалған мәселе бойынша ымыраға келуге дайын екендіктерін білдірді.

sputnik.kz