Қазақстандықтар бір айда 61 келі алтын сатып алды – Ұлттық банк

27 мамыр 2022, 08:21

2022 жылдың сәуір айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 61,3 кг 3 698 өлшемдік құйма сатылды, бұл биылғы наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда 55,3% аз. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ұлттық банкке сілтеме жасап хабарлайды.

 
«Наурызда сатылымның ұлғаюына қаржы нарығындағы белгісіздік пен құбылмалылық себеп болды. Халық қолдағы жинағын сақтап қалу үшін баламалы құрал ретінде алтынға инвестициялауға мүдделі болды»,  - деп көрсетті Ұлттық банк.

Сәуірде валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануына байланысты құйма сатылымының төмендегені байқалды. Дегенмен өлшемді құймаларды сату көлемі 2021 жылғы орташа айлық сату көлемінен 37,3%-ға жоғары болды.

Ұлттық Банк халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,1 тоннаға жуық 91 229 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 26%, яғни, 23 799 дана. Одан кейін 20 грамдық құйма сұранысқа ие, 19 376 дана (21%), 5 грамдық құймадан 18 599 дана (21%), 100 грамдық құймадан 18 197 дана (20%), 50 грамдық құймадан 11 258 дана (12%) сатылды.