«Қазгидромет» еліміздің қай өңірлерінде құрғақшылық болатыны туралы болжам жасады

26 мамыр 2022, 10:12

«Қазгидромет» РМК 2022 жылдың маусымына арналған құрғақшылықтың алдын ала болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
Алдын ала болжамға сәйкес, маусым айында республиканың басым бөлігінде құрғақшылықтың туындау ықтималдығы төмен, негізінен ылғалдану жағдайлары нормаға жақын болады деп күтілуде.

«Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында бірқалыпты құрғақшылық болжанып отыр.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында және Маңғыстау облысының Қарақия ауданында қатты құрғақшылық болжанады.

Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында, Ақтөбе облысының Ойыл ауданында және Түркістан облысының Сайрам ауданында қолайлы орташа ылғалды жағдай болады деп күтіледі», - делінген синоптиктер хабарламасында.

Айта кетсек, құрғақшылықтың қарқындылығы мен әсері, Қазақстанның әр аймағында әр түрлі көрінеді. Қызылорда және Маңғыстау облыстары агроклиматтық аудандастыруға сәйкес, VIII агроклиматтық аймаққа жатады және құрғақшылыққа ұшыраған өте құрғақ, ыстық аймақ ретінде сипатталады.

Барлық болжамдар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне тұрақты түрде ұсынылады, сондай-ақ қосымшада жарияланып тұрады www.agrodata.kz.