Киім үлгісіне сын айтқан: Алматы облысындағы оқушы мен ұстаздың жанжалына байланысты білім басқармасы пікір білдірді

29 сәуір 2022, 10:46

Алматы облысы білім басқармасы әлеуметтік желіде таралған ұстаз бен оқушының жанжалы түсірілген видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ведомство мәліметінше, мұғалім оқушыға киім үлгісіне байланысты сын айтқан. 

"Жанжал киім үлгісіне қатысты болған. Яғни, оқушының сыртқы келбеті ұстазына ұнамаған. Сол себепті, мұғалім ашуға булығып, оқушыға дөрекілік көрсеткен. Қыз бала да дөрекілікпен жауап қайтарған", - деді Алматы облысы білім басқармасының өкілдері.

Қазіргі таңда оқушы мектепішілік есепке алынды. Қыз баламен мектеп психологы жұмыс істейтін болады

"Оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі этика кеңесін өткізді. Оған оқушының анасы мен мұғалім де қатысты. Өткізілген кеңес пен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тараптар татуласып, бір-бірінен кешірім сұрап, тарқасты. Мұғалім денсаулығына байланысты өз еркімен жұмыстан кету туралы шешім қабылдады. Ал мектеп оқушысы мектепішілік есепке алынды. Онымен психолог жұмыс істейді. Ұжымда кәсіби педагогтар жұмыс істейді", - деп қосты білім басқармасының өкілдері. 

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде оқушы мен ұстаздың жанжалдасқаны түсірілген видео таралған еді.