Қостанай облысында тауықтар белгісіз дерттен қырылып жатыр

21 маусым 2022, 09:00

Қостанай облысының екіден аса ауданында құстар белгісіз аурудан қырылып жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл белгісіз дерттің алғашқы ошағы емес, деп хабарлайды Хабар 24 арнасына сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі.

Федоров ауданындағы Ленино ауылының тұрғындары жұмыртқалайтын тауықтар мен бройлерлердің қырылып жатқанын айтады. Ал олардың елді мекені толығымен құссыз қалған. Жергілікті мал дәрігерлері өлген бірнеше құсты араптамаға алып кетті. Оқиғаның мән-жайын анықтаумен облыстық ветеринариялық зертхананың мамандары айналысуда.

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, барлық құстар өртеу арқылы жойылған. Ал олардың қырылған орындарында дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

Дәл осындай жағдай сәуір айында көрші Қарабалық ауданында болған еді. Содан кейін ветеринарлар құстар уланған болуы мүмкін деген болжам жасады. Ветеринария мекемесінің шенеуніктері кейінірек клиникалық белгілер Ньюкасл ауруына сәйкес келіп тұр деп хабарлады.

“Пастереллез (жануарлар мен құстарда кездесетін жұқпалы ауру-авт.) бен Ньюкасл ауруына зертханалық зерттеулерге материалдар іріктелді. Бұл материал Нұр-Сұлтан қаласындағы ветеринария жөніндегі анықтамалық орталыққа жіберілді. Алдын ала нәтижелер 10 күн ішінде белгілі болады”, – деді Қостанай облысының ветеринария басқармасының басшысы Талғат Шамшадин.