Лифтіде соққы көрген келіншек оқиғаның жай-жапсарын айтты

19 мамыр 2022, 08:56

Елордада лифт ішінде әйелін соққыға жыққан ер адамның әрекеті жұрттың жағасын ұстатты. Жәбірленушінің айтуынша, жуан жұдырықты күйеуі оны тіпті өз туыстарынан да қызғанған. Ауыр соққы мен тепкіден әйелдің төрт жерден сүйегі сынып, миы шайқалған. Шектен тыс қызғаныш себеп болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна сюжетінде ерлі-зайыпты отасқанына 4 жыл болғаны айтылады. Көрген қорлығым тек бұл емес дейді ол. Енесі осындай отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресіп, әйел мен бала құқығын қорғап жүрген белсенді екен. Аружан жолдасымен 2018 жылы отау құрған. Екі баласы бар.

"Бірақ, отбасы деген аты ғана. Бірге болған жылдарымның барлығында ұрып-соғудан көз ашпадым" дейді Аружан.

Келіншектің айтуынша, көрмегені жоқ. Ұрған, соққан, буындырған. 20 градус суықта балконға қамап қойған. Көп жағдайға жанжалға шектен тыс қызғаныш себеп болады екен. Тіпті кейінгі кезде өз туысқандарынан да қызғануды шығарды дейді Аружан. Желіде тараған видеоға да сондай жағдай себеп болыпты.

"Біз екеуміз менің туыстарымның шақыртуымен караокеге бардық. Бір сәтте мен қолыма микрофан алып ән шырқай бастадым. Екінші микрофонды күйеу балам, яғни сіңлімнің жолдасы алып қосылды. Күйеуім дереу ұялы телефоныма қорқытып хабарлама жіберді. Кеш тарқап үйге келгенде жедел саты есігі жабылмай жатып мені ұра бастады. Мен жерге құлап қалдым", - дейді жәбірленуші Аружан Байметова.
Бірақ жолдасының сол күнгі төмпеші мұнымен бітпепті. Оның айтуынша, күйеуі өздерін үйге жеткізіп тастаған інісімен бірге болдың деп, әйелін тағы соққының астына алған. Бірақ полиция бұл деректі ескермей отыр дейді Аружан.

Жалпы сол күнгі соққыдан келіншектің төрт бірдей сүйегі сынып, миы шайқалған. Ал енесі болса, бұл бәріміздің басымыздан өткен жағдай деп жұбатады екен.

"Оның ата-анасы жанжал үстінен түскенде оны сабырға шақыруға тырысатын. Анасы менімен өте көп сөйлесетін. Барлығы жақсы болады деп сендірді. "Барлық ер осылай ұрады, мені де ұрды, менің әжемді де ұрды" дейтін. Мен осы сөздердің маған әсер ете бастағанын да байқамай қалыппын", - дейді Аружан Байметова.
Сол сабырға шақырған енесі, телеарна мәліметінше, Шымкент қаласындағы белсенділердің бірі екен. Дәлірек айтқанда, балалар мен әйелдер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы. Ұлы желіні шулатқаннан кейін Гүлайым Шұңғараева әлеуметтік желідегі парақшаларын түгел өшіріп тастаған. Өзімен телефон арқылы тілдескенде "баламды қолдамаймын" деп отыр екен. Бірге тұрғанда ешқандай оғаш қылығын байқамадым деп ақталды.

"Бұл жағдайды айтып өтерім, әрине, қолдамаймын. Бірақ бұл Астанада болған оқиға. Төрт жарым жыл бойы балам мен келінім менің қолымда тұрды. Ешқандай мұндай нәрсе, әуестік, қол жұмсау деген болған емес", - деп пікір білдірген күдіктінің анасы Гүлайым Шұңғараева.
Ал лифт ішінде әйелін соққыға жыққан ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107, яғни денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалған. Ер адам қолхатпен босатылған екен. "Қалған ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді" деп, қысқа қайырды тәртіп сақшылары. Ал жолдасынан зәбір көрген Аружан Байметова жақын күндері заңды түрде ажыраспақ ниетте.