Несие алғанын ұмытып қалған: Қазақстандық азамат "алаяқтардың" үстінен негізсіз арызданған

05 маусым 2022, 01:16

Ақмола облысындағы Ақкөл қаласының тұрғыны интернет арқылы несие алғанын ұмытып, алаяқтардың құрбаны болдым деп шағым түсірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

37 жастағы азамат биылғы 23 сәуірдегі арызында микроқаржы ұйымынан белгісіз біреулер оның атына несие рәсімдегенін жазған. Полицейлер Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігі - "Бір топ адамдардың қызметтік бабын пайдаланып не ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдап, не мемлекеттік сатып алу саласында алаяқтық жасауы" бойынша тергеу амалдарын бастады.

"Жедел уәкілдер өтініш берушінің елордада жүргенде өз атына онлайн-несие алуға өтініш бергенін анықтады. Ол несие алғаны туралы ұмытып кеткенін айтты", - деп хабарлады полицейлер.

Енді полицейлер ер адамды арыз жазуға не итермелегенін анықтамақ.