Нұр-Сұлтанда ТМД сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді

14 мамыр 2022, 10:55

ТМД сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы Нұр-Сұлтан қаласында 2022 жылғы 13 қазанда өтеді.
 
"Шағын форматта ТМД елдері сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысын Қазақстанның Нұр-Сұлтан қаласында 2022 жылғы 13 қазанда өткізу туралы шешім қабылданды", - деді ТДМ атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев кеңестің пленарлы отырысында.
 
Еске салсақ, жұма күні Душанбеде (Тәжікстан) ТМД сыртқы істер министрлері кеңесінің жалпы отырысы өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Молдова СІМ басшылары, сонымен қатар Өзбекстанның сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы және Түрікменстан сыртқы істер министрінің орынбасары қатысты.

Бұған дейін ТМД сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Ауғанстанды қалпына келтіру қажеттігі туралы мәлімдеген еді. Оның пікірінше, мұнымен әскери контингенті ұзақ уақыт бойы сол елде болған мемлекеттер айналысуға тиіс.

sputnik.kz