Нұр-Сұлтанда ұшақ жолаушысы 9 миллион теңгені шетелге алып кетпек болған

26 мамыр 2022, 10:07

Нұр-Сұлтаннан Ташкентке ұшқалы отырған жолаушы өзімен 9 миллион теңге алып кетпек болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап. 

Заңбұзушылық 24 мамырда елорда әуежайында "Нұр-Сұлтан-Ташкент" бағыты бойынша PН 722 халықаралық авиарейсімен ұшатын жолаушыларды кедендік бақылау жүргізгеннен кейін анықталған.

"Д. есімді ер адамның қолжүгін рентген арқылы қарағаннан кейін жолаушы жүк бөліміне шақыртылды. Тексеру барысында 21 650 АҚШ доллары (9 миллион теңге) анықталды. Аталған дерек бойынша әкімшіліктік материал толтырылды", - делінген хабарламада.  
 
МКД өкілдері "Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасынан:

- 10 мың АҚШ долларынан асатын және әкету күніне белгіленген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамы бойынша есептелген сомадағы қолма-қол шетел валютасы және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын;

- ҚР Ұлттық банкі шығаратын 5, 10, 20, 50 және 100 грамм аффинирленген алтын құймаларын және ALTYN BARYS алтынынан және KÚMIS BARYS күмісінен жасалған инвестициялық монеталарды, сондай-ақ 100 грамнан астам аффинирленген алтынды әкетуге тыйым салынатынын еске салды. 

Мемлекеттік кірістер комитетінде шетелге шығуды жоспарлаған азаматтарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтау қажет екенін ескертті.